Қазақ хандығына 550 жыл

munara.kz

1465-01-01 00:00:00

Керей мен Жәнібек хандар

Сонау XV ғасырдағы 40-50 жылдардың өзінде-ақ Шығыс Дешті Қыпшақтағы, яғни Қазақ даласының оңтүстік аймағаныдағы Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігіндегі ежелден өмір сүріп келе жатқан қазақ рулары мен тайпаларының едәуір бөлігі Керей мен Жәнібек сұлтандардың төңірегінде топтасқан болатын. Екі сұлтан да Ақ Орданың билеушісі Орыс (Ұрыс хан) ханның ұрпақтары (шөберелері). Яғни, Керей Ұрыс ханның немересі Болаттың (Полад) ұлы болса, Жәнібек Ұрыс ханның немересі Барақ ханның ұлы. Жәнібек пен Керейдің туған кезі туралы нақты дерек болмағанмен, жанама деректер олардың жас шамасын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, «Таварих-и гузида-йи нусрат-намеде» жазбасында берілген шежіреге сәйкес, Қазақ хандыңының негізін қалаушылар Керей мен Жәнібектің немере ағайын болғанын көрсетеді. 1457-1459 жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар өздерінің төңірегіне басқа да Жошы ханның ұрпақтарын қосып және қазақ рулары мен тайпаларын топтастырып көшпелі өзбек ұлысының билеушісі Шәйбани әулетінің ұрпағы Әбілқайыр хандығынан тысқары кетіп, Моғолстан жеріне (Жетісудың батыс аймағы) қоныс аударып кетті. Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих- Рашиди» еңбегінде «Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс жағындағы Шу мен Қозыбас аймақтарын берді» деген жолдар бар. Мұнда әрине, Керей мен Жәнібек сұлтандардың ролі зор. Олардың қазақ тайпаларын, Дешті Қыпшақты соңына ерте алған, топ бастаған көшбасшылық көрегендігі өз алдына бір төбе. Қазақ хандығының тұңғыш ханы – Керей болды. Алдымен неге Керей хан сайланды деген сауалға жауап іздеп көрелік. Керей мен Жәнібек – бірнеше ғасыр бойы уысынан билік кетпеген өте мықты, әрі өте беделді әулеттің өкілдері болып табылады. Екеуі де Орыс ханның ұрпағы. Дегенмен, Дешті Қыпшақтың соның алдындағы билеушісі Барақ хан болды. Негізінен оның баласы Жәнібек тақ мұрагері болатын. Хан тағының неге оған бұйырмағанын тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаев қыпшақтардың әу бастан келе жатқан салтымен түсіндіреді. XI-XIII ғасырларда қыпшақтарда билік атадан балаға емес, інісіне немесе немерелес туысына берілген. Кейінірек монғолдар өз үрдісін әкеліп енгізді. XV-ғасырда қыпшақтар осы салтты жаңғыртты. Осылайша Керей 1465 жылдың көктемінде қазақ хандығының тұңғыш ханы атанды. Керей ханның билігі тұсында қазақ хандығы енді ғана ес жиып, оның алдында халықты бір шаңырақ астына ұйыстыру, жаңа мемлекеттік қалыптастыру міндеті тұр еді. Керей мен Жәнібектің соңынан еріп келген тайпаларды айтпағанда, кейінгі уақытта да қазақ хандығы халқының қатары өсе берді. Өйткені, Әбілхайыр хандығының өзінде жағдай барынша күрделене берді. Әбілқайыр ханға наразылардың бәрі Қазақ хандығына келе бастайды, сөйтіп жаңа мемлекеттің халқы тез көбейеді. «Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр (1468 ж.) дүние салды да, Өзбек ұлысының щаңырағы шайқалды. Ірі –ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей мен Жәнібекке көшіп кетті. Сүйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер «қазақтар» деп атады. Сөйтіп, 1465-1466 жылдары Шу мен Талас өзендерінің алқабында Қазақ мемлекетінің негізін салған дербес қазақ хандығы құрылды» дейді «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Мырза Хайдар Дулат. Керей хан Моғолстан билеушісі Есен Бұғамен жақсы қарым-қатынаста болды. Есенбұғаның ел алдында беделі өсті. Кейін ол өлген соң Моғолстан билігіне оның ағасы Жүніс хан келіп отырды. Керей онымен де бейбіт, әрі тату ымырашылдық орнатты. Екі елдің одақтасуынан қауіптенген Әбілхайыр 1468 жылы Моғолстанға жорық ұйымдастырады. Алайда, өзі осы жорық кезінде ауырып қайтыс болады да, әскері кері қайтады. «Көшпелі өзбектер» хандығы біржола ыдырайды. Бұл уақыттарда Керей мен Жәнібек хандар құрған мемлекет әбден ірге бекітіп елдік құрылымға көтерілген соң Астанасын «Созақ»,- деп жариялайды. Көп жағдайда Созақ қаласы Қазақ хандыңының алғашқы астанасы (ордасы) ретінде қарастырылды. Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472 – 73 жылдары, Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Соған қарағанда Керей хан 1470 жылдың бас кезінде қайтыс болған. Деректерде, Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген. Керейдің үш ұлы болған, олар – Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Керей қайтыс болған соң інісі, әрі серігі Жәнібек хан болып сайланады. Одан кейін билік қыпшақтардың көне салты бойыншы Жәнібекке іні болып келетін Керейдің ұлы Бұрындық сұлтанға тиген. Алайда осы Бұрындықтан кейін хан тағын туысына немесе інісіне мұраға қалдыру үрдісі мүлде үзілген. Одан кейін билік тек қана Жәнібектің ұрпақтарының қолында, атадан балаға мұра болып қалып отырды. Керей мен Жәнібек 1457 жылы қазақ тайпаларын Әбілхайыр хандығынан бөліп алып, Шу мен Қозыбас аймағында дербес мемлекет құрады. Оның алғашқы ханы – Керей болды. Ол жаңа елді 10 жылдай басқарды. Керей қайтыс болып, қазақ хандығы халқының саны 200 мыңнан асқанда хан тағына Керейдің аталас інісі (екеуі де Орыс ханның шөбересі) Жәнібек сұлтан отырады. Бұл кезде Әбілқайыр қайтыс болып, оның хандығында іштей қырқысулар, билікке талас-тартыс өршіп тұрған еді. Оның ұлы Шейх Хайдар өз ішіндегі қазақ сұлтандарымен шайқасып janibekжатты. Оған Жәнібек хан да араласып кетті. Жәнібектің ролі осы Әбілқайыр ұрпақтарымен күресте, Дешті Қыпшақ жерін қазақ хандығына қаратып алу үшін болған шайқастарда анық көрінеді. Жалпы, Жәнібектің Орыс ханның шөбересі, Барақ ханның ұлы екені белгілі. Ол шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген. Сол ғасырдың 50-60-шы жылдары туысы Керей екеуі Орыс хан ұрпақтарының ішіндегі ең үлкені болатын. Қазақ хандығының негізін қалағанға дейін оның өмірі туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тек әкесі Барақ хан қайтыс болған соң 1428-1457 жылдары Әбілхайыр хандығы ішіндегі Сыр бойында жатқан ұлыстардың бірін басқарғаны белгілі. Жәнібек ханның билігі 6-7 жылға созылады. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі, 1469 жылғы Әбілхайыр ханның Қазақ хандығы мен Моғолстанға жасаған жорығы сәтсіз аяқталып, ханның қайтыс болуымен аяқталады. Бұл жағдай «көшпелі өзбектер» мемлекетінің толық күйреуінің басталуына алып келді. Екіншісінде, Дешті Қыпшақта шибанилық әулет билігінің жойылуы жатады. Шибанилар әулетінің билігі өздігінен жойылмады, оны жояды. Жойғандардың ішінде Сібір хандығы, Ноғай мырзалары, Алтын Орда хандығы, Хорезм хандығы және Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығы болды. Жәнібек ханның атқарған тарихи рөлі осы жерден анық көрінеді. Кезінде Керей ханның айтқан «Алла тағала сәтін салған күні батысқа — Түркістанға жол жүруіміз керек», — деген өсиетін іске асырып, Жәнібек хан Қазақ хандығының билігін Дешті Қыпшақ аумағына толық тарата бастайды. Бұл кез – Қазақ хандығының толық, дербес, жеке ел ретінде өмір сүре бастаған 1470-71 жылдар болатын. Қазақ билеушілеріне XV ғасырдың 70- жылдар-ақ Оңтүстік – Шығыс Қазақстанның аймақтарынан қарсы тұратын күштер болмады. Өзбек ұлысының билеушісі Әбілқайыр қайтыс болған соң Жәнібек пен Керей Шығыс Дешті Қыпшаққа қарасты жерлерді өздеріне қарату үшін күрес бастады. Яғни, 1469-1470 жылдардан кейін араға көп салмай қазақ хандары даладағы билік жолындағы алғашқы күресінің күш жігерлерін Түркістан қаласына қарасты қалаларды бағындыруға арнады. Сол бойынша 1470 жылдың қысына қарай қалың қолмен Түркістанды бетке алып, тездетіп жолға шықты. Сол жылдың алғашқы сәтінде-ақ Жәнібектің үлкен ұлы Махмұд сұлтан Қаратау етегіндегі Созақ қаласын бағындырса, тағы бір ұлы Еренші Қаратаудың күнгей бетіндегі Сауранды алды. Ал Керей ханның өзі бас болып Түркістанға жақын келді. Қазақстанның оңтүстігінде қазақтардың іс-қимылының жандана түсуі Мұхаммед Шайбанидің Мауараннахрдағы Темір ұрпақтарының қол астына кетуіне мәжбүр етті. Қаша соғыс жүргізіп жүрген Мұхаммед Шайбанидің бірнеше сұлтандары Сауран түбіндегі Еренші сұлтанның қолымен қақтығысы кезінде қаза болса, қалған бірнеше өзбек бектері мен Жошыдан тараған сұлтандар оны тастап кетті. Амалы қалмаған Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Қазақтың Жәнібек ханы XV ғасырдың 70-ші жылдарының басында, шамамен 1473-74 жылдары қайтыс болған. Өйткені осы ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына таман басталған Сыр бойы үшін күресте, қазақ хандарының екінші буыны Бұрындық, Қасым хандардың есімдері жазба деректерде кездесе бастайды. Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары XV ғасырдың соңы XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. XVI ғасырдың ортасы мен екінші жартысында Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар –Жәнібек ханның ұрпақтары.

1480-11-19 02:04:18

Бұрындық хан

Бұрындық хан — қазақ хандығының үшінші ханы, Керей ханның ұлы. Бұрындық хан — қазақ хандығының үшінші ханы, Керей ханның ұлы. Қыпшақтың салты бойынша туыс ағасы әз Жәнібектен кейін таққа отырып, шамамен 1480-1511 жылдары билік құрған. Бұрындық хан қазақ хандығының қалыптасуына айтарлықтай өз үлесін қосқан тұлға. Бұрындық хан Бұрындық сұлтан ел көзіне жастайынан түсе бастады. Оның ата-бабалары билік еткен Шығыс Дешті Қыпшақ жерлерін Қазақ хандығы құрамына қарату жорықтарында жүргізілген күрестерде табандылықпен атсалысқаны жайлы айтылады. Әбілхайырдың ұлы Шейх Хайдарға қарсы соғысты басқарған Жәнібек болғанымен, белсене шайқасқан осы Бұрындық бастаған қол еді. Олар Дешті Қыпшақтағы Әбілқайырдың ұлдарын тас-талқан етіп жеңді. Сұлтандар бытырай қашты. Бұл шайқас Бұрындықтың ел арасындағы беделін көтере түсті. Дегенмен, Жәнібек ханның нақты қашан, қай мезгілде қайтыс болғаны белгісіз. Мұнан кейінгі оқиғалар Сыр өңірі үшін болған күреске ұласады да, бұл кезде Бұрындық енді хан ретінде көрінеді. Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер XIV-XVI ғасырлардың жазбаларында Түркістан аймағы аталады. Бұл жер сонау ХІ ғасырдан бері Дешті Қыпшақтың атамекен құтты қонысы болған. Сондықтан, қазақтар үшін бұл аймақтың маңызы баршылық еді. Күрестің басталуына түрткі болған оқиға – Әбілхайыр хан немересі Мұхаммед Шайбанидің Мәуереннахрдың осы Сыр бойына келіп бекінуі. Мәуереннахр билеушілері Түркістан аймағын қорғауға дәрменсіз еді. Қыс екендігіне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскері Сығанақ, Сауран және Созақ өңірі үшін Шайбаниға қарсы айқасқа түседі. Күрестің алғашқы кезеңінде қазақ жағы жеңіп, Шайбани Самарқанға кетуге мәжбүр болады. Түркістан аймағының солтүстігі қазақ хандығы жағына өтеді. 1470 жылдардың ортасында болған бұл ұрыстарда Жәнібек ханның ұлдары Қасым, Жиренше, Махмұд сұлтандар ерекше ерлік көрсеткен. Ал, 1480 жылдарда Шайбани Түркістан аймағын жаулап алу әрекетін қайта бастайды. Бірақ Бұрындық хан мен Жәнібектің ұлдарынан тағы да жеңіледі. Бұл кезеңде әсіресе Жәнібектің 9 ұлының мерейі тасып, қазақ хандығына өткен ең жақсы жерлер мен қалалар солардың ұлысына тиесілі болады. Әйткенмен, 90 жылдарда Бұрындық хан мен Жәнібек ханның ұлдары арасында қайшылықтар туындай бастайды. Әрине, олардың ықпалының күшейгені ханға ұнамайды. Ішкі ымырасыздық 1493-96 жылдардағы Сыр өңірі үшін болған ұрыста білінбей қоймайды. Әрине бұл тартыс-таластың залалы хандыққа кері әсері тигізбей тұрмады. Бұрындық Жәнібектің ұлдарына наразы болғаны сондай, 1496 жылы Шайбани ханмен одақтасады. Келісім бойынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады. Тіпті, ол екі қызын шайбанилық сұлтандарға ұзатады. Оған жауап ретінде Жәнібектің ұлы Әдік Моғол ханының қарындасына үйленеді. Ішкі арпалыстар күшейе түседі. Ал, ХVІ ғасырдың басында Шайбани жағы Ташкентті тартып алып, моғолдарды жеңеді. Әбден күшейген ол қазақ хандығына да 4 рет жорық ұйымдастырады. Ол жорықтар негізінен Жәнібектің ұлдарының ұлыстарын ойрандап кетті. Алғашқы үш жорықта Бұрындық хан әрекетсіз отырады. Бұл – оның хан ретіндегі ең үлкен қателігі болды. Ол жеке басының қамын ойлап, керісінше, Жәнібек ұрпақтары әлсірей түссе екен деген ниетте болған сықылды. 1510 жылы төртінші жорық Қасым хан ұлысына бағытталады. Ол кезде Қасым хан болмаса-дағы, беделі Бұрындықтан кем емес-тін. Алайда, бұл жорықта Шайбани әскері Қасым сұлтаннан күйрей жеңіледі. Оның жеңісі Бұрындықтың жағдайын одан әрі қиындата түсті. Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде осыдан кейін Қасым ханның Бұрындықты қуып жібергені туралы айтылған. Бұл шамамен 1510-1511 жыл болса керек. Бір деректерде Бұрындықтың Самарқанға келіп, осында қайтыс болғаны сөз етіледі. Ол Қасым ханнан ығысып Хорезмге қарай жылжығанда өзінің жақтастарымен, нақтырақ айтқанда, ұлдарымен бірге кеткен көрінеді. Бұрындықтан соң Қазақ хандығына хан болып Қасым келеді.

1511-11-19 02:04:18

Қасым хан

Қасым хан қазақ хандығын шамамен 1511– 1521 (кей деректерде 1511-1522 жылдар айтылады) жылдары басқарды. Ол Жәнібек ханның ұлы. Жәнібек қайтыс болған соң оның орнын Керей ханның ұлы Бұрындық басқан еді. Бұрындықтан соң қыпшақтың ежелгі салтымен оның немерелес інісі Қасым сұлтан билікке келді. Ол қазақ хандығын нығайтып, мемлекет ретінде қалыптастыра білген орасан зор еңбегімен тарихта қалды. Қасым хан © Қасым хан © Қасым сұлтан ХV ғасырдың 70-90 жылдар аралығындағы Сыр өңірі үшін болған ұрыстарға белсене қатысқан. Ол Жәнібектің 9 ұлының үлкені, ержүрек сұлтан ретінде қол бастаған. Деректерде, сол тұста Қасымды «белгілі сұлтан және атақты баһадүр» деп сипаттаған. Жәнібек ханның ұлдары Сығанақ, Сауран, Отырар, Сайрам қалалары үшін болған 25 жылдық күресте Шайбани әскерін бірнеше рет ойсырата жеңді. Осы жүзжылдықтың соңына қарай Қазақ хандығына Сығанақ пен Сауран қалалары өтеді. Бұл қалаларға Жәнібектің ұлдары билік жүргізеді. XVI ғасыр басында Шайбани күшейіп, қазақ еліне жорықтарын қайта бастайды. Алғашқы үш жорықта Бұрындық хан оған қарсы әрекет жасамайды. Жау әскері Жәнібек ұлдарының ұлыстарын талқандап кетеді. 1510 жылғы төртінші жорықты Шайбани Қасым сұлтаннның ұлысына бағыттайды. Қасым өзі әскербасы болған, өзінің қуатты жауынгерлерімен жауды еш қиындықсыз тойтарып, Сыр бойынан қуып шығады. Осы жеңістен халық пен сұлтандар Бұрындық ханның билігін мойындамай, Қасымды хан сайлайды. Абыройдан жұрдай болған Бұрындық Самарқанға кетуге мәжбүр болады. 1511-1513 жылдары хан тек қана Шайбаниларды біржақты етумен айналысады. Сайрамның әкімі Қаттабектің ұсынысымен Ташкентке жорық ұйымдастырып, алайда онысы сәтсіз аяқталады. 1513 жылы Моғол ханы Сұлтан Сайд Мәуереннахрдағы шайбани әулетіне қарсы күш біріктіру туралы ұсыныс жасайды. Оны Қасым хан келіспесе де, моғол ханын ізеттілікпен шығарып салады. 1517-21 жылдары Қазақ хандығының батысында біршама өзгерістер орын алады. Қасым хан тағына отырысымен қазақ хандығының жер аумағын кеңейтуге күш салды. Қасым хан ноғайлардың бір бөлігін қазақ хандығына қосып, батыс шекараны Жайыққа дейін жеткізеді. Осы тұста Қасым хан ел астанасын Сығанақтан Сарайшыққа көшіреді. Қала Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде Жайық өзенің оң жағалауында орналасқан. Айта кету керек, көне қаланың жалпы аумағы 100 гектар. Қала іргесі XI ғасырда қаланған. Қаланың гүлденген дәуірі XIII — XIV ғасырлар аралығы. Сарайшық қаласы ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Жошы хан мен оның ұрпақтары кезінде қайта дәуірлеп, тұрғызылды. Сарайшық қаласы Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан стратегиялық маңызды қала саналды. Сондай-ақ Қасым хан халықаралық қатынастарға үлкен мән берді. Қазақ хандығымен алғашқы болып дипломатиялық қарым-қатынас жасаған мемлекеттердің бірі ұлы князь Ш. Василий (1505 – 1533) басқарған Мәскеу елі болды. Қасым ханның тұсында Қазақ хандыңы жақсы дәуірлеуді бастан өткерді. «Қасым хан туралы сөз қозғасақ, ешбір жазба деректерде кездеспейтін, халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым ханның қасқа жолы» еске түседі. «Ол — біріншіден, Қасым ханның өмірі, хандық билігі, сол жылдардағы Мәуреннахрдағы шайбанилер әулетімен, Моғолстандағы шағатайлар әулетімен жүргізген саясаттың, қарым-қатынастың нәтижесі; екіншіден—Қазақ хандығын күшейтудегі, қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы сіңірген енбегіне халықтың берген бағасы; үшіншіден — қазақ халқының этникалық, ұлттық территориясын қалыптастыру жолындағы атқарған жұмыстарының жемісі; төртіншіден — мемлекетті басқару ісіндегі келесі ұрпақтарға қалдырған өнеге жолы», — дейді тарихшы, профессор Б.Кәрібаев. Бұл дала заңында негізінен мүлік, қылмыс, әскери заңдар, елшілік жоралары мен жұртшылық заңы деген бес бөлім болды. Бірақ кейіннен «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді ауыз әдебиетімен бүгінге жеткен мәтіндермен бірігіп, өзгеріске ұшырады. Қасым ханның тағы бір еңбегі – елді бір шаңыраққа ұйыстырған соң, оның өмір сүру ережелерін енгізіп, «қазақ» деген ортақ атауды да енгізді. 1512-13 жылдардағы Мұхаммед Талибтың, 1537 жылы жазылған Васифидің еңбектерінде «қазақ», «Қазақстан» деген атаулар кездеседі. Қасымның заманында еуропалық ғалымдардың қазақтар туралы мәліметтері кездескен. Итальяндық әдебиетші Иовий, австриялық елші Сигизмунд Герберштейн Мәскеуде болғанда жазған деректерінде қазақтар туралы да айтып өткен. «Шекарасы Қытайға дейін созылып жатыр» деген де сипаттама беріпті. Қасым хан билігі тұсында қазақ халқының саны 1 миллионнан асып, әскерінің өзі 200 мыңға жетіп жығылған. Шекара батыста – Жайыққа, солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш өзенінің жағалауын қамтып, оңтүстікте – Ташкент қаласына дейін жеткен.

1522-06-07 07:32:52

Мамаш хан

Қасым хан қайтыс болған соң Қазақ хандығына оның орнын ұлы Мамаш сұлтан отырды. Сөйтіп, Мамаш қазақ хандығы құрылғалы таққа отырған бесінші хан ретінде тарихта қалды. Дегенмен, оның ғұмыры да, хандық қызметі де тым келте болған. Ол тақта бір ғана жылдай отырды. Ол Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі еді. Шамамен 1450-1460 жылдардың аралығында дүниеге келген. Әкесі шамамен 1521-1522 жылдары дүниеден өткен болса, билікке ие болғанда Мамаштың жасы елуден асып, алпысты алқымдап қалған екен. Деректерде Мамаш ханды (Момыш) кейде Қамаш деп те атайды. Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарихи Рашиди» еңбегіне сүйенсек, Қасым хан өлген соң тақ үшін талас-тартыс қатты ушықан. Жәнібек ханнның немерелері арасында алауыздық пен бақталастық өрши түсті. Билікке Мамаш келгенімен де тартыстар басыла қоймаған. Қасым ханның кезінде мықтап қалыптасып, барлығын бір тәртіпке бағындырған ішкі бірлік пен татулыққа сызат түсті. Оның үстіне тартыстың белең алуы Мамашты хан сайлайтын кезде ежелгі қыпшақтың тақты баласына емес, інісіне мұраға қалдыру дәстүрі бұзылған болатын. Бұл салт монғол шапқыншылығы кезінде ұмытылып, билік әкеден балаға қалатын жаңа ғұрып бүкіл қыпшақтың өміріне еніп кетті. Дегенмен, қазақ хандығының құрылуымен қыпшақ тайпаларының көне дәстүрі қайта жаңғырған болатын. Соның дәлелі ретінде Керей ханнан кейін өз баласы емес, інісі Жәнібек таққа отырды. Жәнібектен соң да немере інісі Бұрындық билік тізгінін қолына алды. Қасым да Бұрындықтың ізінен ерген бауыры болатын. Ал, мәселе Қасымның тақ мұрагеріне келіп тірелгенде билік ғайыптан тайып оның ұлы Мамаштың қолына өтті. Сондықтан, мұндай бассыздықтың қазақтың би-батырлары, ру көсемдері мен дінбасыларының наразылығын тудыруы – қалыпты дүние болатын. Мамаш хан бір жыл ғана билік құрды. Оның хандық қызметі тұсында Ноғай ордасы тарапынан шабуылдар толастамаған. Ноғайлар Торғай өзеніне дейінгі аралықты жаулап алады. Сөйтіп, қазақ хандығының шекарасы айтарлықтай қысқара түскен. Осы кезге жеткен мәліметтерде, оның түсініксіз соғыстың құрбаны болғаны жайлы айтылады. Ол шайқастардың бірінде жауынгерлік қару-жарақтардың ауыр болуы салдарынан бастырылып тұншығып өлген делінеді. Бұл Хайдар Разидің дерегінде хижра бойынша 928, 1522 жылы болған жағдай. Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Мамаш сыртқы жаулармен шайқаста емес, ішкі талас-тартыстар кезінде қаза тапқан. «Әйтпесе оның өлімі туралы міндетті түрде XVI ғасырдағы шайбанилық деректердің бірінде айтылған болар еді, — дейді ғалым. Ғалымның айтуынша, бірақ ол туралы ешқандай жазба жоқ. Демек, Мамаш хан билік үшін күрестің құрбаны болды. Мамаш Қазақ хандығының одан әрі нығаюына үлес қоса алмай, оның «уақытша әлсіреуінің» басында тұрды. Жазба деректерде Мамаш ханның ұрпақтары туралы ешбір мәліметтер де айтылмайды. Осы тұста хан тағына таласқан сұлтандардың арасындағы алауыздық өршіп кетеді. Мамаш өмірден өткен соң қазақ хандығының тағына Тақыр (Тахир) хан отырды. Алайда халықтан қолдау таппаған Тақыр ханның кезінде қазақ хандығы 10 жылдай шамасында үшке бөліп те кеткен еді. Ал, қалмақтардың қазақ жеріне жасаған алғашқы соғыс жорығы да осы тұста бастау алды. Мамаш таққа отырғанда сұлтандар арасындағы тақ таласы жүреді. Бұл кезде Қазақтың астанасы қай қала болғандығы туралы нақты деректер жоқ. Тарихи деректерде ел астанасы Сарайшық болып тұрған кезде, керуен айдап өзге елдерден келушілерді қоспағанда мемлекет құраушы халық саны түгелдей қазақтардың үлесінде болды.

1523-08-20 00:15:58

Тақыр хан

Тақыр хан – әз Жәнібектің немересі. Тарихта оның есімі Қазақ хандығын өз деңгейінде басқара алмағанымен белгілі. Қазақ хандығының саяси бытыраңқы күйге түсуі, құлдырау кезеңі осы Тақыр ханнан (Тахир) бастау алған. Қазақ хандығының үшке бөлінуі де содан кейін басталған. Хандықтың іргесін нығайтуға үлкен үлес қосқан ержүрек Қасым хан 1521-1522 жылдары қайтыс болады да оның ұлы Мамаш хан отырады. Оның билігі ұзаққа созылмайды, бір жылдан соң кенеттен қайтыс болады. Осы кезде таққа деген талас күшейіп, талас-тартыста Жәнібек ханның ұлы Әдік (Әйтік) сұлтанның ұлы Тақыр сұлтан хан болып жарияланады. Ол – қазақ хандығының алтыншы ханы болып сайланды. Бұл оқиға хижраның 930/ 1523-1524 жылдары болған. Алайда Тахир хан Қасым хан сияқты мемлекетті мығым басқара алмады. Тақыр хан шамамен 1523 – 1532 жылдар аралығында Қазақ хандығын биледі. Тақыр хан ішкі қатынастарда да, сыртқы саясатта да өзін мықты билеуші етіп көрсетпеді. Ол ноғаймен де, өзбекпен де, маңғытпен де оң қарым-қатынас жасай алмады. Сыртқы шапқыншылық шабуылдарға лайықты тойтарыс беруге қауқарсыз болды. Арадағы болған соғыста Маңғыттармен көршілес жер аумағын қорғай алмаған ол артынан ерген 200 мың боданымен 1523-1524 жылғы қыстыста Моғолстан жағына қоныс аударуға мәжбүр болды. Моғол мемлекетінің ханы Сұлтан Саид оны қарсы алып, екеуі құда (Тахирдің қарындасы Саид ханның ұлы Абд ар-Рашид сұлтанға тұрмысқа шықты) болып, жақсы одақтас болып бастағанмен, артынан сол жылы аралары алшақтап бастайды. Тахир Моғолстанға қарайтын қырғыздардың бір бөлігін өзіне қосып алып, Моғолстанның арғы жағына жер ауыстырады. Жазба деректерде Тақыр ханды қырғыздың да ханы болды деуі осы жылдарға байланысты айтылған көрінеді. Алайда Тахирдің жағдайы шатқаяқтап, жеке тағдыры қасіретке, тартысқа толы болып қалыптасты. Өмірінің соңғы кездерін Тақыр хан қырғыз тайпалары арасында өткізді. Сонда жүріп, қайтыс болады. Бір ұлы болған екен, ол да өзімен бірге қырғыздар арасына еріп кеткен. Мырза Хайдардың айтуынша, Тахир қырғыздар арасында жоқшылықта өмір сүріп, сонда қайтыс болған. Мұхаммед Хайдар Дулаттың жазбасында: «Тақыр ханның билігі әлсіреген сайын оның қатаңдығы мен аяусыздығы өсе түсті. Оның Әбілқасым деген інісі болды. Ханның қатаңдығы содан шығып отыр деген оймен қарамағындағылар Әбілқасымды өлтіріп, өздері жан-жаққа тарап кетті», – деп жазса, қазіргі заманғы зерттеушілердің бірі Т. Сұлтанов: «Ол дипломатиялық, әскери таланттарға ие болмады, … шексіз қаталдығымен, және әділетсіздігіің арқасында елдің қарсылығына ұшырады, ақыры өз жұртынан қуылды», — дейді. Қазақ пен қалмақ арасындағы алғашқы шапқыншылықтар осы Тақыр ханның заманынан басталған. Дегенмен, ол туралы мәліметтер мардымсыз. Тақыр хан қайтыс болған соң қазақ хандығы аумақтық басқару жағынан он жылдай шамасында үшке бөлініп кетті. Оңтүстік-Шығыс бөлікте –Бұйдаш хан билік жүргізді. Батыс аумақты –Ахмет хан (Қожа Ахмет) басқарса, хандықтың оңтүстігіне Тоғым хан билік жүргізді.

1533-06-06 14:53:58

Бұйдаш хан

Тақыр хан өлген соң қазақ-қырғыз болып бірлескен елді оның інісі Бұйдаш сұлтан (Бұйлаш) (1533-1538 ж.ж.) басқарады. Ол қырғыздармен ежелден жақсы қарым-қатынаста болды және Жетісуда жақсы іс-қимылдары болды. Оның қол астында шамамен 30 мыңдай адамы болды. Алайда ол қазақ хандығының толықтай ханы болмағаны белгілі. Бұйдаш хан шамамен 1533-1538 жылдары хандық құрған. Кейбір деректерде 1533 – 1559 жылдарда билік етті деп те айтылады. Бірақ бұл жылнамалар нақты болмағандықтан ғалымдардың арасында әртүрлі айтылып та жүр. ХV ғасырдың 30-50 жылдары қазақ хандығы бірнеше бөлікке бөлініп, оларды әртүрлі хандар билегені тарихта белгілі. Мәселен, батыс аймақты – Ахмет хан (Жаныш сұлтанның ұлы), орталықты – Тоғым хан (Жәдік сұлтанның ұлы), ал, Жетісуды – Тақыр хан (Әдік (Әйтік) сұлтанның ұлы) биледі. Атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарихи рашиди» еңбегінде Бұйдаш хан санаулы жылдар ғана ел басқарып, 1534 жылы өмірден өтті делінсе, өзге деректер оның 20 жыл бойы хандық құрғанын алға тартады. Бұйдаш хан негізінен моғолдармен, қалмақтармен қарым-қатынаста күрес жүргізді. Деректерде Бұйдаш ханның 20-30 мыңдық әскері болғаны жайлы айтылып, өзі қазақ жерімен қоса бірнеше қырғыз тайпаларының территориясына да билік жүргізген. Оны біз Бұйдаш ханның қазақ пен қырғыз жеріне жорық ұйымдастырып, тонауға келген Шығыс Түркістандағы моғолдарға қарсы тойтарыс беруінен білеміз. Бұл — 1556 жыл болатын. Әдеттегінше, моғол билеушісі Рашидтың ұлы Абд ал-Латиф қырғыздарды аяусыз тонап, алаңсыз кері қайтып бара жатқанда, оларды Бұйдаш бастаған қазақ-қырғыз әскері қуып береді. Моғол ханзадасы қаза тауып, қаралы хабарды естіген әкесі мол әскермен келеді. Екеуара ұрыс Қылма-Қыжыр деген жерде өтіп, нәтижесінде қазақ-қырғыз әскері жеңілгені айтылады. Келесі тарихи мәліметтерде, 1559 жылы Бұйдаш қалың қолмен Мәуереннахрға жорыққа аттанды. Жасақтың ішінде әз Жәнібектің ұлы Әдіктен тараған 24 сұлтан болыпты. Сол сұлтандар мен Бұйдаш – барлығы осы шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Таратып айтар болсақ, бұл жолғы ұрыс Барақ сұлтанның ұлы Дербіс ханмен болған. Ол кезде Дербіс Ташкентті басқарып тұрған. Бұл – екі жақтың Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін болған ұрыстарының бірі болатын. Қалаларға таласудан шыққан соғыстың ХV ғасырдың 70-жылдарынан басталып, 1598 жылға дейін созылғаны тарихтан белгілі. «Бұйдаш хан мен Дербіс хан арасындағы шайқас – сол күрестің бір көрінісі ғана» дейді тарихшы Берекет Кәрібаев. Сонымен бірге, Бұйдаш ханның өз ұрпақтары да осы ұрыста өлген болса керек. Өйткені, хан ұрпақтары туралы деректер мүлде жоқ деуге болады.

1533-07-22 08:04:01

Қожа Ахмет хан

Қазақ хандығын 10 жыл басқарған Тақыр ханнан кейін мемлекеттің аумағы бірнеше бөлікке бөлініп, оны бас-басына әртүрлі хандар басқарды. Оңтүстік-Шығыс бөлікте – Бұйдаш хан билік жүргізді. Батыс аумақты – Қожа Ахмет хан басқарса, хандықтың оңтүстігіне Тоғым хан бас-көз болған. Бұйдаш хан негізінен моғолдармен, қалмақтармен қарым-қатынаста болса, Ахмет хан өле-өлгенше ноғай тайпаларымен күрес жүргізіп өткен. Тоғым хан Мәуереннахрдағы және Хорезмдегі шайбанилар әулеттерімен қатынастар жасайды. Осының ішіндегі Жаныш сұлтан ұлы Қожа Ахмет (Ахмет хан) ханның билік құрған кезі 1533-1535 жылдарды қамтыды. Ол Сырдарияның маңындағы өңірлер мен жерлерге иелік етті. Қожа Ахмет хан туралы мәліметтер өте аз. Тек тарихшы, этогроф Қадырғали Жалайырдың еңбектерінде ол жайлы “Қазақияда Ахмад хан деп атайды. Ол дағы біраз уақыт хан болды. Шидақ бекпен болған ұрыста шаһит болды. Орақ мырза шаһит қылды”, — деген жолдар бар. Сонымен бірге, Қожа Ахмет – әз Жәнібек ханның немересі. Бірақ Жәнібектің қай ұлынан тарағаны белгісіз. Қожа Ахметтің неліктен өз жұртымен бірге қазақ хандығынан бөлініп кетіп, үй ішінен отау тіккені нақты белгісіз?. Осыған байланысты ғалымдардың әртүрлі болжамдары бар. Соның біріне сүйенсек, 1524 жылы Тақыр хан бүкіл халқымен бірге Моғолстанға қарай ауған кезде, жергілікті қазақтардың бір бөлігі оны қолдамай, соңына ермеген. Сол халықтың бір тобы – осы айтылып отырған Сырдария бойындағы, Қазақ хандығының батысында жатқан Қожа Ахмет бастаған жалпақ жұрт. Қазақ хандығынан бөлініп қалған аз ғана уақыттың өзінде ноғайлармен қырқысып, бар тіршілігі жаугершілікпен өткен. 1534-1535 жылдары Қожа Ахмет бастаған қазақ жағы мен Шах-Мамай мен Жүсіп мырзалар бастаған ноғай жасағы жан аямай шайқасты. Нәтижесінде ноғайлар жеңіске жетті. Жоғарыда Қадырғали Жалайыр айтып өткендей, Қожа Ахмет 15 ұлымен бірге тұтқынға түсіп қалған. Қолға түскен қазақ ханын ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның немересі Орақ батыр өлтіреді. 1538 жылы қазақ хандығының тағына отырған Хақназар хан үшке бөлініп, «бас басына би болған» аумақтардың басын қайта қосты. Сөйтіп, қазақ хандығы қайтадан біртұтас мемлекетке айналды.

1533-12-23 23:56:51

Тоғым хан

Қазақ хандығы құрылған соң оның мемлекет ретінде қалыптасуы мен нығаюына біршама уақыт кетті. Ол уақыт шамамен 1470-1520 жылдарды қамтыды. Содан кейін кенеттен құлдырау кезеңі есік қақты. Осы себептен болар, Қазақ хандығының 1521-1538 жылдардағы тыныс-тіршілігі туралы мәліметтер тарихта бірен-саран ғана. Тек осы кезде мемлекеттің үшке бөлініп, оны үш билеуші басқарғаны жайлы ғана белгілі. Оңтүстік-Шығыс бөлікте – алдымен Тақыр, одан кейін Бұйдаш хандар билік жүргізді. Батыс аумақты – Ахмет хан басқарса, хандықтың оңтүстігіне Тоғым хан билік етті. Бұйдаш хан негізінен моғолдармен, қалмақтармен қарым-қатынаста болса, Ахмет хан ноғай тайпаларымен күрес жүргізеді. Осының ішінде Тоғым хан –Әз Жәнібектің немересі Жәдік сұлтанның ұлы. Жеткен деректерде Тоғым хан шамамен 1533-1537 жылдары хандықтың оңтүстік аймағына билік жүргізді. Мәуереннахрдағы және Хорезмдегі шайбанилар әулеттерімен қатынастар жасайды. Ол туралы деректер тым аз. Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих» атты еңбектегінде ханның есімі аталып өтеді. Дерекетерде Тоғымның барлық ұлдарымен (олар «Тоғыз сары» деп аталған) және 37 сұлтанмен бірге Шағат деген жерде қиын-кескі ұрыста қаза болғаны жайлы айтылады. Оның кімдермен соғысқаны да, шайқастың нақты болған жылы да белгісіз. Жазушы Мұхтар Мағауин бұл оқиға 1537 жылы, 27 шілдеде болғанын, өзбек-моғол жағы осы шайқаста қазақтарды күйрете жеңгенін тілге тиек етеді. Алайда, 1997 жылы шыққан 5 томдық Қазақстан тарихының ІІ томында бұл жөнінде: «… Тоғым ханның бұл шайқасы, қазақтар жеңіліс тапқан Тоғым ханның ұрыстарының бірі, бірақ ол 1537 жылғы қазақ-моғол қатынасына қатысы жоқ», – деген жолдар кездеседі. Тарихшы Берекет Кәрібаевтың пікіріне сүйенсек, Тоғым хан қаза тапқан Жағат уалаяты – Амударияның төменгі ағысы бойындағы осы аттас қамал және қамал теңірегіндегі өңірлер болуы мүмкін. «Мұнда XVI ғасыр басында шайбанилық әулеттің бір тармағының өкілдері билік басына келеді. XVІІ ғасырдағы Әбілғазы хан осы әулеттің көрнекті өкілдерінің бірі. Жалпы, Хорезм билеушілері мен Дешті Қыпшақ билеушілері арасындағы саяси қарым-қатынастардың басты себебіне – Сырдың төменгі ағысы бойына иелік ету жатқаны белгілі. XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары да бұл қатынас үзілмеген. Сондай бір күрестің бірінде Тоғым хан Хорезм жақтағы Жағат уалаятында 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапқан» дейді ғалым. Дегенмен, 1538 жылы Қазақ хандығының тағына отырған Хақназар хан үшке бөлініп, «бас басына би болған» аумақтардың басын қайта қосты. Сөйтіп, қазақ хандығы қайтадан біртұтас мемлекетке айналды.

1538-08-25 13:51:46

Хақназар хан

Хақназар хан – қазақ тарихында ең ұзақ ел билеген хан болды. Оның 42 жыл ел басқарған тұсында қазақ хандығы қарқынды дамыды және шекарасы да ұлғайды. Оны 1538 жылы ақ киізге отырғызып, хан көтерген болатын. 1538-1580 жылдары таққа отырған Хақназар (Ақназар деп те айтылады) –қазақ хандығының іргесін бекітіп, нығайтып кеткен Қасым ханның баласы. Оның неге бірден билікке келмегенін тарихшылар әкесі қайтқан кезде тым жас болуымен түсіндіреді. Тағы бір деректе, Тақыр мен Бұйдаш елді билеген жылдарда Хақназар бір ноғай мырзасының қолында болған деген деректер бар. Қасым ханнан кейінгі хандар тұтастықты сақтай алмады. Алайда, Хақназар ел артқан үміт пен сенімнің үдесінен шыға білді. Өзіне дейінгі ел билеушілер Тақыр мен Бұйдаш хандар шашыратып жіберген бытыраңқы күйдегі қазақ хандығы халқының басын біріктірді. Қазақ Ордасын нығайтты, күшейтті, осы жолда өзінің барлық ұйымдастырушылық күш-қабілетін жұмсады. Қырғыз елімен арадағы үзіліп қалған ынтымақтастықты қайта жалғады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді. Хайдар ибн Әли әл-Хұсайын Разидың «Тарих-и Хайдари» атты еңбегінде Хақназар ханды қазақтар мен қырғыздардың патшасы деп көрсеткен. Хақназар туралы тағы бір ең ертеректегі хабар (оның түркімендермен шайқасы туралы) 1549 жылды қамтиды. XVI ғасырдың 50-жылдарының аяғынан бастап Қазақ хандығы Ноғайларға, Көшімнің сібір хандығына, Орта Азия хандықтарына елеулі қауіп төндірді. Мәселен, 1558-1559 жылдары Орта Азияда болған ағылшын көпесі А. Дженкинсон «мұсылман дініндегі қассақтар» туралы өте күшті және саны көп халық деген пікір айтады. Ол өзінің келерінен бұрын қазақтардың Ташкентті үш жылдан бері тықсырып, шабуыл жасау арқылы керуендердің өтуіне кедергі жасап отырғанын жеткізген. Бұл Ташкентке үнемі қатер төндірген Хақназар ханның қосындары еді. 1560 жылы Моғолстан билеушілерімен табан тірескен күрестер өріс алды. Башқұрт аңыздарында Хақназарға башқұрттардың да бағынғаны айтылады. Осы кездері Ресей жағы Қазан мен Астрахан хандықтарын жаулап алған болатын. Осыған орай үлкен аумақты алып жатқан Ноғай ордасын қорқыныш билей бастады. Ел ішінде кикілжің, жауласу толастамады. Ноғайлардың бір тобы Ресейге қосылуды жақтаса, екінші бір бөлігі қандас бауыры қазаққа қарай тартты. Ноғай Ордасы құрамында болған қаңлы, қыпшақ секілді тайпалар лек-легімен қазақ хандығына келіп қосылып жатты. Ал батысқа қарай ауған ноғайларға қуалай шабуыл жасап, оларды одан әрмен ығыстырып, ірге кеңейту әрекетін жасады. Бұл жеңіс Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, күш-қуаты мен беделін арттырды. Сарайшық қаласы қазақ хандығының қарамағына өтті. Ноғай ордасы 1569 жылдан соң мемлекет ретінде өмір сүруден қалды. Соған байланысты кей деректемелерде қазақ ханы Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп те атаған. Дегенмен, Ресей ендігі назарын Қазақ хандығына аударды. Өйткені сол арқылы ол Орталық Азия және Сібірмен қатынас жасай алатын еді. Орталық Азияға сауда жолы Тобылдан Ертіс арқылы Есілдің жоғарғы сағасына, одан әрі Ұлытаудың етегімен Сарысудан Түркістанға, Сырдан Бұхараға шығатын мүмкіндігі пайда болар еді. Осы тұста Ресейден қауіптенген Хақназар ежелгі жауы – шайбани әулетімен қарым-қатынастың бағытын өзгертті. Яғни Бұхара ханы ІІ Абдолламен жауласуды доғарып, одақтасу туралы ортақ келісімге келді. Бұл кезеңде Бұхара ханы Ташкент билеушісі Баба сұлтанмен жауластықта еді. Хақназар оның Баба сұлтанға қарсы күресін қолдады. Қазақ хандығы осының бодауына Абдолла ханнан Түркістан аймағындағы бірнеше қаланы қайтарып алды. Хақназар хан Түркістанның төңірегін және Сауранды өз билігіне қаратуға күш салды. Бірақ осы билік үшін өзара қырқыс барысында Хақназар хан өз басын бәйгеге тіккен еді. Баба сұлтанның адамдары алдымен Жалым сұлтан мен оның ұлдарын, Хақназардың да қос ұлын өлтірді. Көп ұзамай астыртын адам жібертіп, ханның өзін де мерт етті. Шамамен 1580 жылы өмірден озған Хақназар ханның билігінің соңына қарай Қазақ хандығы батыста — Жайық, солтүстікте — Есіл мен Нұра, шығыста – Шыңғыстау, Балқаш және Шу өзені, оңтүстікте Түркістан аралығын қамтыды. Хақназар хан тұсында ноғай, башқұрттардың біраз бөлігі Қазақ хандығына қарады, қырғыз-қазақ одағы бұрынғы тату қарым-қатынасты сақтап қалды. Тарихи деректерде 1538 жылы таққа отырған Хақназар ханның тұсында негізгі болып Созақ пен Сауран қалалары саяси орталықтар ретінде көрсетіледі.

1582-01-04 13:32:21

Тәуекел хан

Қазақ хандығы мемлекетінің іргелі ел болып дамуында Тәуекел ханның алар орны ерекше. 1582 жылы Шығай хан өлген соң оның ұлы Тауекел хан болады. Ол мемлекет шекарасын кеңейту және ел тыныштығын сақтау мақсатында көптеген сырт елдермен және көрші елдермен дипломатиялық саяси істер атқарды. Сондай-ақ, көрші, сырт елдермен де дипломатиялық қарым-қатынас жасады. Тәуекел Бұхара ханы Абдолланың қас жауы Ташкент билеушісі Баба Сұлтанды жер жастандырғаны үшін Абдолла хан оған Самарқан маңындағы бір уәлаятын сыйға тартады. Десе де, Тәуекел Дешті Қыпшақ жеріне кетіп қалады. Ол барлық жауының көзін құртып масайраған Абдолла ханнан сезіктенген болатын. 1586 Ташкентті бағындыруға күш салады. Сол бойынша Мауранахрдың солтүстік аймақтарына шабуылын бастайды. Оның бұл әрекеті Түркістан, Ташкент, Самарқан сынды ірі орталықтарға қауіп төндірді. Ташкентті талқандап жатқанда өзіне қарсы Самарқан жақтан Абдаллах ханның інісі Убайдаллах бастаған үлкен әскердің шыққанын біліп, ол айқасқа түспей кері шегініп кетеді. Тәуекел ханның қазақ хандығы үшін жасаған екі ісін ерекше атап көрсетуге болады. Біріншіден, ол 1594 жылы Тәуекел хан орыс патшасы Федорға Құл-Мұхаммед бастаған елшілерді жібереді. Елшіліктің басты мақсаты 1580 жылы орыс патшалығымен және Сібір ханы Көшімнің арасындағы болған соғыс кезінде тұтқынға түскен Тәуекелдің жиені Ораз Мұхаммед сұлтанды тұтқыннан босату болатын. Сонымен бірге елшіліктің алдында тағы бір тапсырма жүктелді. Атап айтқанда, Бұхар ханы Абдаллахқа қарсы күресте Мәскеудің көмек көрсетуі қажеттілігі. Қазақ елшілері орыс патшасына Қазақ хандығының жайы туралы қызықты мәліметтер жеткізді. Мәселен, Құл Мұхаммед былай деп хабарлаған: «Ал қазір Бұхара патшасымен уақытша татумыз, ал ноғайлармен бауырлардай татумыз, Тинехматтың балаларымен де, Ұрыс тұқымымен де ала-бөтен емеспіз». Бұл елшілік туралы істе Тәуеукел хан «қазақ және қалмақ патшасы» деп те аталған, бұдан оған Орталық және Солтүстік Қазақстанды мекендеген қазақтарға жақын көшіп-қонып жүрген кейбір жоңғар рулары бағынған деген қорытынды жасауға болады. Алайда орыс патшасының елшілікке берген жауабын қысқаша жеткізер болсақ, Абдаллах пен Көшімді Тәуекелдің өзі тыныштандыруы тиіс болды. Ал Ораз Мұхаммедті елге қайтару мәселесі бойынша орыс патшасы өз шартын қояды. Онда Ораз Мұхаммедтің орына Тәуекел хан өз ұлы Үсейн сұлтанды аманат етіп жіберуі керектігі айтылған. Әрине мұның бәрі қазақ ханы үшін қолайлы болмағаны белгілі. Себебі, Тәуекел хан бұл мәселеде, Қазақ хандығының саяси тәуелсіздігін жоғалтуы түрінде емес, керісінше, Абдаллахқа қарсы күресте оларды әскери одақ ретінде ғана қараған еді. Орыс патшалығы Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан олармен (орыс мемлекетімен) дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Осылай басталған қазақ-орыс дипломатиялық қатынастарының дамуы керуен саудасының одан әрі кеңеюіне жағдай жасады. Қазақтар саудаға өз тауарларын апарып отырды. Ресейден Орта Азия мен Сібірге апаратын жол Қазақ хандығының аумағы арқылы өтті. Екіншіден, Тәуекел Сыр бойындағы қалаларды қазақ хандығының қоластына қосып алуымен тарихта қалды. Бұған дейін де бірнеше хан Ташкент үшін күрескен болатын. Тәуекел сол хандардың ұрпағы, қазақ хандығының билеушісі ретінде ежелгі қоныс – Сыр бойы қалаларын қайтарып алуды өзіне парыз санаған сыңайлы. Сөйтіп, 1586 жылы ІІ Абдоллаға қарсы шықты. 1598 жылы Тәуекел хан Шайбани ұрпақтары мемлекетіне жаңа жорық бастады. Тәуекелдің Мауаранахр мемлекетінің аймақтарына қайтадан жорық жасауының себебі, мемлекетті билеушілер әкелі-балалы Абдаллах пен оның ұлы Абд әл-Момынның (Әбдімомын) арасындағы тартыс-талас болды. Осы кезеңдерде Бұхараны билеп отырған шайбанилік Абдоллах хан қайтыс болады да орнына баласы Абд әл-Момын билікке келеді. Ол кезде Шайбани әулетінің еркек кіндіктілерінен тек Абд әл-Момын мен Абдаллах ханның немере ағасы Пір-Мұхаммед ғана тірі болған еді. Ал қалған әулет тұқымдарын бұған дейін Абдаллақ пен оның ұлы Абд әл-Момын тақ-таласта өздеріне қауіп санап қырып тастаған еді. Алайда Абд әл-Момынның билігі тұрақсыз болып, 1599 жылы оны бүлікші әмірлер өлтіреді. Осымен Шайбани әулетінің билігі Абд әл-Момынның қаза табуымен аяқталды. Енді Бұхара билігі Жан (Жани Мұхаммед) мен Шайбани Ескендір қызының (Абдаллах ханның қарындасы) ұлы Аштархани Бақи-Мұхаммедке көшеді. Айта кету керек, Бақи-Мұхаммед Жошыдан тараған Астрахан (Қажы Тархан) хандығы билеушілерінің тұқымы. Астраханды орыстар жаулап алған соң, олар Маңғыстау түбегіне қашып келген. Өз туыстарымен келіспей қалған Жармұхаммед сұлтан баласы Жани сұлтан екеуі Бұхараға келіп, Ескендір ханға (1561 — 83) қызмет етті. Жани сұлтанның ұлдары Дінмұхаммед, Бақимұхаммед, Уәлимұхаммедтер Бұхар билеушісі Абдолла ІІ (1583 — 98) мен оның баласы Әбдімомынның (Абд ал-Муминнің) (1598, ақпан-шілде) сеніміне ие болды. Алайда орныққан осы тарихи мәліметті соңғы уақытта «Тарих-и Қыпшақ-ханидегі» мынадай қызықты дерек нақтыландырып, толықтыра түсті: « Абд әл-Момын хан оқиғасынан кейін (яғни өлгеннен кейін) бұхарлықтар Балхтан Пір-Мұхаммед ханды шақырып, мың жетінші (хижра) жылы (1598-1599) хан тағына отырғызды… Ол үш жыл билік құрды». Бұл мағлұматқа қарасақ, Шайбани ұрпақтары ұрпақтары өмір сүруін (билігі), әдетте айтылып жүргеніндей емес, яғни 1599 жылы емес, қайта 1601-1602 жылы тоқтатқан. Орта Азиялық авторлардың бірқатар жазбаларында, XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың басында Қазақ хандығы тарихындағы ерекше кезең. Осы тұс қазақ мемлекеттілігінің, көршілес елдермен және басқа да халықтармен қазақтардың белсенді әскери-саяси, сауда-саттық және мәдени қарым-қатынастарының нығаю уақыты. Бұл кезде қазақтардың билігі Ташкентке, Түркістаға, Сауранға, Әндіжанға және Ферғанаға жүріп тұрды. Алайда бұл аймақтар үшін қазақ билеушілері мен Аштарханилер арасында үнемі соғыстар жүргізілді. Яғни, Шайбани ұрпақтарынан кейін (1500 – 1598 ж.ж.) бір жарым ғасырдан астам (1598 – 1743 ж.ж.) уақыт бойы Мауаранахрды Аштарханилер биледі. Сонымен, 1598-1599 жылдарда Шығыс Дешті Қыпшақ көшпелілерінің Мауаранахрды қаратып алуға соңғы әрекеттері жасалды. Бірақ сол кезден бастап екі жүз жылға — Ташкент, Ферғана белгілі бір уақытқа дейін, ал бүкіл Түркістан және шайбаниліктер билеп келген Сырдарияның орта ағысының екі жағындағы отырықшы-егіншілік аймақтар толығымен Қазақ хандығының құрамына кірді.

1598-07-05 07:26:57

Есім хан

Шығай ханның ұлы, Тәуекел ханның інісі Есім хан 1598 жылы таққа отырып, хандық құрды. Дегенмен, оның Тұрсын сұлтан сияқты әлеуеті зор бәсекелесі бар еді. Екеуі кезектесіп 7 рет Бұқарға қарсы күресті. Ол шайқастарда екеуі кезектесіп қол бастады. Жеті шайқаста да қазақ хандары жеңіске жетті. Алайда Есім мен Тұрсын арасындағы алауыздық өршіп, қанды қырғын соғысқа апарды. Есім мемлекетті Түркістанда басқарды. Себебі ол Түркістанды қазақ хандығының орталығы қылды. Есім хан 30 жыл бойы (1598-1628) ел тізгінін қолына ұстап, оның бірлігі мен тұтастығы үшін күрескен тұлға. Оның билігінің алғашқы жылдары қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы аяқталды. Айта кету керек,Есім хандық билікке келген тұста Тұрсын, Абылай, Ханзада сұлтандар басқарған, өзара бақталас топтар болған еді. Осы тұстарда Орта Азияда да саяси жағдай құбылып тұрған еді. 1598 ж. шайбанид Абдаллах ханның қайтыс болуымен оның ұлы Абд ал-Момын мен Абдаллах ханның ағасы Пір Мұхаммеддің аз уақыт билігінен кейін жаңа әулет (бұл да Шыңғыс хан әулеті) — Аштарханидтер (Астраханьда билік құрған) билікке келді. Яғни таққа Аштархани Бақи-Мұхаммед отырған еді. Қазақ билеушілерінің арасындағы алауыздықты Аштарханидтер тиімді пайдалануға ұмтылды. Сөйтіп кезінде Тәуекел тартып алған Ташкент, Сайрам, Әндіжан жерлерін қайтарып алуды көксеген күрес қайта басталды. Алғашқы қазақ-бұхар шайқасы 1603 жылы Самарқан маңында Айғыржар деген жерде болады. Бұхар әскері бұл шайқаста жеңіліс табады. 1611 жылы Бұқар әскерін Аштархани әулетінің ұрпағы Имамқұл (Имамкули) хан басқарып Ташкент түбінде үлкен шайқас болады. Мұнда Есім хан әскері жеңіске жетіп, Бұхар ханы келісімге келуге мәжбүр болады. Сонымен Қасымның қазақ сұлтандары арасындағы басты бақталасы Тұрсын Мұхаммед сұлтан еді. Ол Жәнібек ханның немересі, Жалым (Жолым) сұлтанның баласы болатын. Тұрсын Мұхаммед сұлтан 1613-1914 жж. өзін хан деп жариялап, қазақ хандығын екі хан билейді. Осылайша Есім хан Түркістан қаласын өз астанасы етсе, Тұрсын Ташкент қаласында өзін тәуелсіз ханмын деп жариялады. Тұрсын хан 1613 жылы Ташкентте өз атынан ақша шығарды. Сөйтіп, Бұқарамен мәмілеге келіп, Түркістанды шауып, Есімді жеңіп, Түркістан, Сауран, Әндіжан және Шахрухия қалаларын өзінің қарамағына қосады. Бұл жағдайдан соң Есім хан Шығыс Түркістанды билеуші Абд әр-Рақым ханға кетуге мәжбүр етеді. Моғолстан жақта Есім қырғыздардың ханы атанып, жергілікті ақсүйектердің арасындағы талас-тартысқа қатысып отырды. Ал Тұрсынның Жаркент пен Қашқар ханы Абд әл-Латиф (Апақ) ханмен одақтастық қатынастар жасады. Шығыс Түркістанда әбден шыңдалып, басқарушылық қабілетін жетілдірген Есім шамамен 20-жылдардың басында 1624-1625 жж. (тарихшы Сұлтан Әкімбековтың айтуынша, 1626 жылы) отанына оралды. Шет жерде өзін тісқаққан саясаткер және батыл жауынгер екендігін мойындатқан ол елге оралған соң Тұрсын ханмен мәмілеге келеді. 1627-1628 ж.ж. Есім хан қалмақтарға жорыққа кеткен кезде Ташкент билеушісі Тұрсын Түркістанға Есім хан Ордасына өз әскерін жіберіп, олар ханның әйелін, балаларын тұтқынға алып, адамдарын соққыға жығады. Кейін Ташкент маңында Есім хан мен Тұрсын арасында шайқас болып, Тұрсын қаза болды. Есім хан Тұрсын сұлтанды қолдап, бейбіт елдің тыныштығын бұзған Қатаған руын да жазалайды. Бұл оқиға тарихта «Қатаған қырғыны» атанады. Бұхар ханы Имамқұл «Ташкентті және Түркістанды билеу туралы» грамотаны Есімге табыс етеді. Осылайша Есім хан екінші рет билікке келді. Осы орайда тарихшы Р. Темірғалиев «Тұрсын хан – біз ойлағандай бүлікші емес» деп Тұрсын хан образын жағымсыз бүлікші етіп көрсетудің қажетсіздігін айтады. «Ол қанша дегенмен әділетті хан, қарымды саясаткер болған. Тұрсын ханнан кейін 100 мың әскерді аз ғана уақытта жинай алатын хан болған емес дейді тарихшы. Ол бәсекеде жеңіп, өзін мойындата білген. Ол 1613-1627 жылдар аралығында, яғни 14 жыл бойы қазақ хандығын жанқиярлықпен басқарған. Ал, «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанында оның жағымсыз кейіпкер ретінде суреттелуі заңды құбылыс, өйткені Есім ханның жанында жүрген жыраудың Тұрсынды жағымды етіп суреттеуі мүмкін емес», – дейді тарихшы. Есім хан бұл оқиғадан соң өзінің ордасы орналасқан Түркістанға қайтып оралады. Онда ол бір жылдай өмір сүріп, келесі 1628 жылы шамамен 70 жасқа қараған шағында қайтыс болады. Денесі Қожа Ахмет Йасауи кесенесі жанына қойылып, қабірінің басына кішігірім кесене салынады. Бір айта кететіні – осыдан кейін елге елеулі бүкіл хандар мен би-батырлардың денелерін осы кесенеге жерлеу дәстүрі қалыптасты. Ішкі алауыздықтың қаупін жақсы түсінген Есім хан елде тәртіп орнату мақсатында ішкі саясатын мықтылап жүргізді. Сондықтан ол құн төлеу, зекет, ұшыр жинау, айып салу, діни патриархалдық ескі салтқа арқа тіреу және т.б. уағыздады. Есім ханның бұл заңдары «Есім ханның ескі жолы» деп аталды. Тарихта «Еңсегей бойлы ер Есім» деген сипаттамамен қалып қойған Есім хан жайлы тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев оның үш ерекше еңбегін атайды: «Біріншісі, 20-ға жуық хан ішінде Қасым хан мен Тәуке хан секілді «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағын енгізді. Екінші ерекшелік – оның хандық билікте екі рет болуы. Басқа елдерде хандық билікте бір тұлғаның екі немесе одан да көп болғаны белгілі, ал қазақ мемлекеті үшін бұл жағдай ерекше болып саналады. Ол әкелген үшінші жаңалық – Йасы қаласы Түркістан деген атауға ие болып, Қазақ хандығының астанасына айналды», — дейді. Есім ханның сенімді болған батырлары, шапырашты Қарасай, Орта жүздің арғын руынан шыққан Ағынтай, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, қоңараттан шыққан Алатау сынды соғыс тәсілдерін жетік меңгерген сардарлар еді.

1628-03-18 13:06:59

Жәнібек хан

Есім хан өлгеннен кейін оның орнына ұлы Жәнібек сұлтан Қазақ хандығының тағына отырады. Деректерде оның 1628-1643 жылдарда мұрагерлік жолмен билік еткені жайлы айтылғанмен, ол туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен, оның тұсында ішкі алауыздықтар күшейіп, тақ таласы өршіді. Оның үстіне сыртқы жаулар, яғни жоңғар-ойраттар шапқыншылығы үдей түскен болатын. Билік тізгінді дұрыс жүргізе алмаудың кесірінен халықтың арасында наразылықтар пайда болып, сұлтандардың билікке таласы басталды. Алайда, бұл тартыс-таласты Жәнібек ханның туған інісі Жәңгір қолға алып, елді ымыраға келтіріп, анталаған сыртқы жаудан қорғануға жұмылдыра білді. Сол себепті інісі Жәңгір сұлтан халықтың зор ықыласына бөленіп, қолдауына ие болды. Дегенмен, Жәңгір ағасын сыйлап, оның билік ету мансабын өзінде қалдырды. Алайда, халық пен сұлтандар Жәңгірді мойындағандықтан Жәнібек хан ретінде мойындалмады және тасада қалып қойды.

1643-02-17 18:31:36

Жәңгір хан

Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтан хан сайланбай тұрып-ақ өзінің ерлік істерімен көзге түсті. Оның хандық қызметі ат үстінде, жорықтар мен шайқастарда өткен екен. Ол сонысымен де өзге қазақ хандарынан ерекшеленеді. Бір ғана мысал – қалмақтармен жекпе-жектерде Жәңгірге қарсы шығатын батыр болмайды екен. Сол үшін де ол «салқам» (айбатты) Жәңгір атанған. jangirОн жетінші ғасырда ойраттар қытайдан қысым көре бастайды. Сөйтіп, олар 1635 жылы Жоңғар хандығын құрып, жан-жағындағы елдердің территориясына көз тігеді. Солайша 1635 жылы қазақ-жоңғар шапқыншылығы басталды. Қазақ жеріне шабуылды бастаушы Жоңғар хандығының қонтайшысы Батыр болатын. Осы кезде жоңғарларға қарсы кезекті күресті бастай алатын қабілетті, ержүрек, қазақ жасақтарын біріктіре алатын және соңынан ерте алатын қолбасшы керек еді. Осы жағдайлар Жәңгір сұлтанды қатерлі де, батыл қадамға жетеледі. Қазақ жасақтарын бастап шыққан Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтан жоңғар тайшыларына қарсы қақырата соққы беруді бастайды. Алайда соғыстардың бірінде Жәңгір жаудың қолына түсіп, олардың тұтқынына айналады. Жалпы ол қазақ-жоңғар соғыстары кезіндегі қазақ хандары мен сұлтандарының ішіндегі жау тұтқынына түсіп, көп қиыншылық көрген ханзаданың бірі еді. Артынан жоңғарлармен болған соғыстағы сәтті жеңісте Жәңгір тұтқыннан босайды. Одан кейін қазақ сұлтандары арасында оның беделі тез өсті. Тарихшы, профессоры Берекет Кәрібаев Жәңгір сұлтанды жоңғар елінің ішіндегі Батыр қонтайшыға қарсы топ өздері қашырып жібергенін және қалмақтан қыз беріп, Жәңгірдің кейін хан болған ұлы Тәуке сол қалмақ қызынан туғаны жайлы айтады. Батыр қонтайшының бақталасы Хұндүлен тайшы қазақтың болашақ ханы Жәңгірмен одақтасқысы келген. «Ескі жазбаларда келтірілген Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп атайтындығының себебі де осында» дейді ғалым Б.Кәрібаев. Осылайша, Жәңгір құр қайтпай, жоңғар тайшыларының арасынан өзіне жоғарыдағыдай одақтастар табады. Бұл одақтастықтың оған 1643 жылғы Батыр хонтайшы әскерімен болған Орбұлақ шайқасында көп көмегі тигені анық. Ал 1643 жылы жоңғар жағы тағыда соғыс бастайды. Бұл ұрыста жоңғар билеушісі қонтайшы Батыр 50 мың әскермен соғысты. Қонтайшы Батыр Тянь-Шаньның оңтүстік сілемдерін басып алып, бірнеше мың қазақ-қырғыздарды тұтқындап әкетеді. Жәңгір осы кезде Бұхара хандығының ең ықпалды әмірі, қазақ батыры Жалаңтөстен көмек сұрайды және Тянь-Шань қырғыздарының әміршілерімен де бірлесе күрес жүргізуге уағдаласты. Ол Жоңғар Алатауының Орбұлақ деген жерінде жоңғарлармен соғысады. Орбұлақ ұрысы – Жәңгірге «салқам» деген атты алып берген маңызды шайқас болды. Қазақ жеріне Батыр хонтайшы бастаған қалың жаудың бет алғанын алдын ала білген Жәңгір көмек келгенше жаудың жолын бөгемек болып, 600 жасақты соңына ертіп, ұрыс алаңы үшін өзі таңдап алған тау шатқалына аттанып кеткен. Жәңгір сұлтан сол алты жүз сарбаздың әрқайсысын қайда, қалай пайдалануды жақсы білген көрінеді. «Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналастырды. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келгенде шабуыл жасалды. Жау жағы оларды қоршап алуға алаңның тарлығы мүмкіндік бермеді. Сол кезде Жәңгір ту сыртынан шабуылдады. Ойламаған жерден болған соққының, әрі жауынгерлердің батылдығының арқасында және мылтықтарының өте сапалы болуынан Батырға қатты соққы берді», – деп сипаттайды Жәңгір бастаған сарбаздардың соғыс әдісін А.Левшин. Алдауға түскен жау әскерінің арт жағынан топырлап әскерлер лек легімен келіп жатты. Оларды тоқтату қиын болды. Ешкім қолбасшы бұйрығын естімеді. Бәрі сай ішінде нығыздалып, сарбаздардың оғынан шетінен мүрдем кетті. Самарқаннан 20 мың қолмен Жалаңтөс батыр Жәңгірге көмекке келіп жеткенде, онсыз да 10 мың әскерден айрылған жоңғар жағы кері шегінеді. Орбұлақта небары 600 батыр ыңғайлы жер мен ұрыс әдісін ұтымды пайдаланудың арқасында 10 мың жоңғарды жайратты. Бұл шайқас сонысымен де маңызды да, бағалы. Салқам Жәңгірдің таңдап алған әскердің құрамында Қарасай, Ағынтай, Жиембет, Сарбұқ, Көксерек, Жақсығұл, Елтынды секілді қазақтың ержүрек батырлар болған. Жәңгір өміріндегі тағы бір шайқас – 1652 жылғы қазақ-жоңғар соғысы. Осы ұрыс кезінде Очирту-Цецен ханның 17 жасар ұлы Галдам Салқам Жәңгірді қапыда өлтіреді. Тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев: «Біріншіден, Жәңгір хан бүкіл саналы өмірін ел қорғау ісіне арнады. Екіншісі, хан тағын иеленгеннен кейін мемлекеттің сыртқы саясатын бірнеше бағытта жүргізіп, көршілес мұсылман елдермен жақсы қарым-қатынастар орната білді. Жоңғарлармен күресте Мауереннахрдағы аштарханилық әулет өкілдерімен, Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулетпен саяси одақ құрып, оны туысқандық байланыстармен нығайтты. Үшіншіден, ол қазақ елінің азаттығы жолындағы шайқастардың бірінде нағыз ерлерше қан майданда қаза табады. Ал оның сүйегі қазақ елінің сол кезеңдегі астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына жерленген» дейді ғалым. Жәңгірдің екі қызы, үш ұлы болған. Аппақ, Тәуке және Уәлибақы деген үш ұлдың ішінде Тәуке әкесінен соң тақ мұрагері атанды. Кенже ұл Уәлибақы осы шешімге өкпелеп, нағашылары – Үргеніштегі Ғайып ханға кетіп қалған деген де деректер бар. Жәңгір ханнан соң Қазақ хандығының негізін құрушы Әз Жәнібек ханның ұлы Өсеке сұлтаннан тарайтын Бөлекей сұлтанның ұлы Батыр сұлтанның 1652-1680 жылдарда билік еткені жайлы дерек айтылғанмен, ол жайлы нақты мәлімет жоқ.

1680-09-23 00:42:45

Тәуке хан

Салқам Жәңгірдің ұлы әз Тәуке – қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін сақтауда алар орны ерекше хан. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын дұрыстау үшін іріткі салушы ниеті қара жаулармен күрес жүргізіп, «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын енгізген кемеңгер, әрі әділетті билеуші. Ел алдында әз деген құрметке ие болған Тәуке хан заманында бытырап жатқан халықты бір шаңырақ астына біріктіре білгені үшін тарихшылар тарапынан жоғары бағаланатын тұлға. Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектеріне сүйенсек, Тәуке Жәңгір ханның қалмақ әйелінен туған ұлы екен. Тәукенің азан шақырып қойған есімі Мұхаммед Батырхан. Оның 1626 жылы туылғаны жайлы деректерде айтылады. Алайда әкесіне қатысты нақты белгілісі, 1652 жылы Жәңгір хан соғыста қаза табады. Ал, Тәукені тарихшылар 1680 жылы таққа отырды дейді. Осы аралықта елді кім биледі? Бұл мәселеге қатысты тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев былай деп өзінің болжамын келтіреді: «Біздің ойымызша ел ішіндегі тақталас 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейін созылған. Жәңгір ханнан Тәуке ханға дейінгі жылдар – біздің тарихымыздағы әлі күнге дейін беймәлім болып қалған кезең. Болашақта табылар тың деректер ғана осы кезеңді түсінуге және осы кезеңдегі қазақ хандарының немесе ханының есімін анықтауға жол ашады». Дегенмен Жәңгір ханнан соң Қазақ хандығының негізін құрушы Әз Жәнібек ханның ұлы Өсеке сұлтаннан тарайтын Бөлекей сұлтанның ұлы Батыр сұлтанның 1652-1680 жылдарда билік еткені жайлы дерек айтылғанмен, ол жайлы нақты мәлімет жоқ. Зерттеушілер Тәукенің тарихи тұлғасына баға берген кезде: «Ол бірнеше жылдарға созылған қантөгіс соғыстарды тоқтатып, өзара қырқысуларды тыныштандырды және өзінің ақылымен және әділеттілігімен басқаларды бағындыра білді. Ол мықтыларды тыныштандырып, әлсіздерді біріктіру арқылы күштілерге қарсы тұра алатындай етті» деп жазды. Ол өз төңірегіне ықпалды билерді топтастырды және әркез даулы істерде «билер кеңесінің» қолдауына сүйеніп мемлекет істерінде көптеген шаруалар бітіріп отырды. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлы Жәңгірдің тағы бір ұлы, хан болуға Тәукемен бірдей құқылы Уәлибақының өкпелеп, Үргенішке кетіп қалғаны туралы айтады. Демек, Тәукеге дейін билік жолындағы қантөгістер бір сәт толастамаған сықылды. Сонымен, Тәуке орта жастан асып, кемелденген шағында билікке келді. Оның тұсында қазақ хандығы саяси жағынан нығайған, бір орталыққа бағынатын біртұтас елге айналды. Сыр бойындағы қалалар саны 32-ге жетті. Ордасы – Түркістан қаласы болды. Сыртқы саясатта Бұқар хандығымен арада сауданы дамыту үшін елшілік қарым-қатынастар орнатты. Ал, көрші Ресеймен мәмлегерлік байланыс жасады. Қазақ-орыс қатынастары сауда және шекаралық істер төңірегінде өрбігенін байқауға болады. Тәуке хан 1686-1693 жылдар аралығында Ресейге 5 рет елші жіберіпті. Ресейдің Шығыс елдерімен жүргізген сауда жолдарының бір тармағы Қазақстан арқылы өткендіктен керуендердің қауіпсіздігіне кепілдік, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшері белгіленді. Қазақ және Ресей жерінің шекарасында тұратын тұрғындар арасындағы әртүрлі дау-дамайларды да елшіліктер арқылы шешілетін. Мәселен, 1693 жылы сауда жасасу туралы шартқа қол қою үшін шекара асқан Тәуке хан елшілері Ресейде тұтқынға алынады. Тәуке хан тез арада орыс патшасына хат жазып, «Адам атадан осы уақытқа дейін ұрылар үшін елшіні қамауға алу дегенді құлақ естіп, көз көрмеген еді»,- деп өз ренішін білдіреді. Ақыры, Тәуке ханның айтқаны болып, қазақ елшілері босатылған. Тәуке әкесі Жәңгір секілді соғыс әдіс-тәсілдерін жақсы меңгерген, әскери қарым-қабілетін орнымен қолдана білетін мықты қолбасшы, ержүрек батыр да бола білді. Бұл қасиеті ханның ойраттармен шайқастарға белсене қатысқанынан байқалады. 1689, 1702 жылдары қазақ жасақтары ойрат жерін шабуылдаса, 1711-1715 жылдары керісінше, ойраттар қазақ жеріне шапқыншылықтар ұйымдастырды. Соның бәрінде, әсіресе, басқыншылық жорықтарға Тәуке хан жасағы лайықты тойтарыс беріп отырды. Әйтсе де, Тәуке ханның қазақ хандығы тарихындағы елеулі еңбегі – «Жеті жарғы» секілді дала заңын өмірге әкеліп, қазақтың тіршілігіне, салт-санасына дендеп енгізуі еді. Құқықтық ережелер сол кездегі қазақтар өмірін реттеп, бір тәртіпке бағындыру үшін қажет болғанға ұқсайды. «Тәуке хан 1652-1680 жылдары қазақ қоғамындағы қырқысулар мен дау-дамайларды болдырмаудың жолын іздестіріп, оларды әлімжеттік ұстанымымен емес, құқықтық негізде шешуге күш салған. Бұрыннан келе жатқан Қасым хан, Есім хан тұстарындағы заңдардың кейбір баптарын жаңа талаптарға сай бейімдейді, жаңа баптар енгізеді. Сөйтіп, өмірге «Жеті Жарғы» атты заңды енгізеді. Ал өзі әз-Тәуке, яғни «әділ», «қайырымды» хан атанып кетеді. Тәуке ханның заңы арқылы қазақ қоғамындағы ішкі бірлік толық болмаса да, біршама сақталады» дейді ғалым Б.Кәрібаев. Әз Тәуке 1718 жылы қайтыс болған. Денесі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі маңына жерленеді. Мұнда оның әкесі Жәңгір хан, атасы Есім хан, сондай-ақ қазақ хандығындағы көптеген белгілі тұлғалар жерленген. Тәукеден кейінгі тақ мұрагері – ұлы Болат болды. Зерттеуші А.И. Левшин әз Тәукені Спартаның ақылгөй заңгері Ликургке теңеген екен. Тәуке қайтыс болған соң қазақ хандығының әр жүзін бөлек-бөлек хандар билейтін заман туды.

1715-06-23 01:33:22

Қайып хан

Қазақ тарихында екі Қайып хан бар болса, соның бірі – Тәуке ханнан кейін билікке келген Орта жүздің билеушісі Қайып Мұхамбет. Хысырау сұлтанның ұлы Қайып Мұхамбет XVII ғасырдың ортасында дүниеге келген. Жәнібек ханның тоғыз ұлының ішіндегі Жәдік сұлтаннан тараған ұрпақ. Небары үш жыл (1715-1718 жылдар) тақта отырып, ел басқарды. Қайып хан ел басқарған уақыт жағдай тұрақсыз болды. Бұл тұста шығыстан – жоңғарлар, батыстан – башқұрт пен қалмақ жұрты қауіп төндірумен болды. 1716 жылы Тобылға келген қазақ елшілері Б.Екешев пен Б.Бөриев Қайып ханның патша өкіметімен тығыз қарым-қатынас жасауға және Жоңғар хандығымен күресте қазақ-орыс әскери одағын құруға ынталы екенін Сібір губернаторы М.Гагаринге жеткізді. Сондай-ақ, хан қазақтардың Сібір өңірінде сауда жасауына рұқсат сұрады. Сібір губернаторы қазақ ханының бұл ниетіне ықылас танытып, оларды орындауға келісім берді. Осы орайда, Қайып хан Қазан губернаторы Салтыковпен де тығыз байланыс жасауға ұмтылды. Қайып ханды бұған мәжбүрлеп отырған – Жоңғар хандығымен арадағы жауластық еді. Қайып ханның тұсында Қазақ хандығы мен Ресей патшалығы арасындағы саси қарым-қатынас жандана түсті. Орта жүз ханы Ресейдің көмегінің арқасында жоңғарға қарсы тұрамын деп риясыз сенді. Сол бойынша 1717 жылдың аяғында Қайып және Әбілқайыр хандарға Қазаннан Уфа дворяны Федор Жилин жіберілді. Ал 1718 жылдың қаңтарында Тобылдан Түркістанға Борис Брянцев пен Яков Тарыштин және тілмаш Қабай Мамеевтерден құралған ресейлік елшілер келіп олар сол жылдың жазына дейін болды. Ресей елшілерімен кездесулер барысында Әбілқайыр (4-7 мамыр) және Қайып (25 маусым-12 шілде аралықта) хандар Ресеймен және оның губернияларындағы аймақтармен «мәңгі татулықта және одақтасып» тұруға, орыс көпестерімен сауда байланысын дамытуға және көршілер арасындағы елдерден малды «ұрлап әкетуіне» бірлесіп жол бермеуге мүдделі екендіктерін білдірді. Дегенмен, жоңғарларға қарсы күресте ресей елі бейтарап қалды. 1717 жылы жазда Қайып хан мен Әбілқайыр бастаған отыз мың әскер ойраттарға қарсы шайқасты. Бұл оқиға тарихта «Аягөз шайқасы» деген атпен қалды. 1718 жылы Қайып хан дүниеден өтті. Орта жүздің хан тағына Тәуке ханның ұлы Болат сұлтан отырды.

1718-06-23 01:33:22

Әбілқайыр хан

Жоңғарлармен болған ірі шайқастарда қол бастаған атақты әскербасы, 1718-1748 жылдары кіші жүзге билік жүргізген Әбілқайыр ханның тарихтағы орны ерек. Ол шамамен 1693 жылы Әз-Жәнібек ханның Сөк сұлтан деген ұлынан тарайтын Қажы сұлтанның шаңырағында дүниеге келген. Әбілқайыр хан кіші жүзге хан болғанмен, оның тұсында Қазақ мемлекеті жан-жағындағы елдермен саяси-экономикалық бағытта қатынас орната бастады. Дегенмен бірқатар сыртқы елдермен саяси жағдай ушығып та тұрды. Осы тұста көбіне Әбілқайыр ханның саясаттағы білгір ұстанымдары, тез шешім қабылдап оны тез жүзеге асыруы және ел басқарудағы мықты қабілеті Қазақ елінің барлық ірі-ірі істерінің басы-қасында жүруіне түрткі болды. abilqayir01Әбілқайыр туралы сөз қозғалса, оның хан ретіндегі еліне жасаған ірі еңбектері әңгіме өзегіне айналады. Біріншіден, Әбілқайыр – 16 жасынан қанды шайқастарда қолбасшылық еткен ержүрек батыр. Ол 1709 жылғы Шығыс Түркістандағы қалмақтар мен қазақтар арасындағы ұрыста өзін қайтпас қайсар әскербасы ретінде көрсете білді. Жасақты Әбілқайыр мен Бөгенбай бастап барып, қалмақтарды тас-талқан еткен болатын. Содан кейін бірнеше жыл қалмақ жағы қазақ ауылдарын мазалаған жоқ. Осыдан бастап Тәуке хан Әбілқайырды кез-келген ауыр шайқастарға сеніп жұмсай бастаған дейді тарихшылар. Әбілқайырдың 1710 жылы кіші ордаға хан, кіші жүз әскеріне қолбасшы етіп бекітілуі де оның ерлікке толы істерімен байланысты. 18 ғасырда қазақ даласына келген ағылшын суретшісі Джон Кэстл «Әбілқайыр жоңғар қалмақтарының қоңтайшысын өз қолымен тұтқынға алған соң хан атанды» деп жазған. XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында қазақ жүздері мен Ресей арасында дипломатиялық қатынас басталды. Екі тараптың өкілетті өкілдері келіссөздер аясында мынадай мәселелерді талқылады: тұтқындар алмасу рәсімі, қазақтар мен Ресей бодандары – қалмақтар, орал және сібір казактары және башқұрттар арасындағы әскери жанжалдарды реттеу, сондай-ақ, орыс көпестерінің Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарымен сауда байланыстарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау сынды мәселер болатын. 1715 жылы күзде «башқұрт және қазақ-қырғыз дауларын тыю және олардың тұтқын алмасуы туралы» шешу мүдделерін көздеп Әбілқайырдың жеке елшісі, батыр Тайқоңыр Құлтабаев Қазанға барып, ондағы губернатор П. Салтыковпен келіссөз жүргізді. Алайда келіссөз нәтижелі болмай, тек үш жылдан соң ғана қазақ ханының бастамасымен жалғасты. 1719 жылы Жоңғар хандығының барлық күштері цин әскерлерінің кезекті шабуылына тойтарыс беруге шоғырланған кезде қолайлы жағдайды пйадаланған қазақ билеушілері 1720 жылы жоңғарлардың шекаралас қоныстарына да бірнеше рет басып кіруді жүзеге асырды. Осы жорықтар барысында үш мың ойрат тұтқынға алынды. 1722 жылы жоңғар билеушісі қазақ халқына қуатты соққы беруді мақсат етіп, қазақ жерлері мен Орта Азияға мықтап басып кірмекші болып әзірленді. Олар жоспарлаған жаулап алу жорығын бірнеше ай өткен соң, көктемнің басында жүзеге асырды. 1723 жыл қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болып енді. Осы оқиғалардан сәл бұрын Еділ бойы қалмақтарының билеушісі Аюке ханға Цэван-Рабтаннан жоңғар елшісі келіп, қазақтарға қарсы бірлесіп соғыс қимылдарын жүргізуді ұсынған еді. Алайда олардың бұл әрекеті Әбілқайырға мәлім болса керек. Бұдан соң Әбілқайыр 1723 жылғы қыркүйектің басында қазақ-қарақалпақтардан құралған 20 мың әскерін бастап, еділ қалмақтарының қоныстарына жорық бастады. Ірі әскермен жайық ауданына табан тіреп келген қазақ ханынан қорыққан қалмақ тайшылары дереу Астархан губернаторынан Ресей әскерлерін көмекке жіберуін қатты өтінді. Бұл өтінішке жауап ретінде губернатор А.П.Волынский қажетті өкімдер берді. Бірақ әскери көмек ештемені өзгерте алмады және Әбілқайыр қолы екі мың шаңырақтан тұратын Лекбай тайшының ұлысын тас-талқан етіп, көп мөлшерде мал мен тұтқындар алғаны жөнінде хабар алынды. 1723-1729 жылдардағы қазақ-ойрат соғысы кезіңінде кіші жүздің ханы Әбілқайыр Қазақстан аумағына өзінің саяси ықпалының шекарасын едәуір кеңейтіп, қазақ қауымдарының әскери-саяси өмірінде жетекші ролге қол жеткізе білді. Енді Әбілқайыр қазақ тылын еділ қалмақтары жағынан жасалатын шабуылдан уақытша қауіпсіз етіп, өз әскерін тез арада оңтүстік жаққа бұрды. Жолай Сыр бойындағы жоңғарлардың жасақтарын бұза-жара өтіп, 1724 жылдың басында Түркістанға шабуыл жасап, жоңғарларды ығыстырып шығарып, қалаға бекініп алды. Түркістанды өз бақылауында бір жылдай ұстап тұрды. 1726 жылдың күзінде Әбілқайыр хан, Орта жүздің ханы Сәмеке, Есім және Барақ сұлтандар бастаған, жалпы саны он мыңдай болатын қазақ жігіттерінің қалың қолы қалмақ тайшысы Лобжы Назаровтарға қарсы жорық жасады. Қазақ әскері мен Доржы, Лобжы Назаровтарға қосылып соғысқан Дондук-Омбо тайшылардың әскерлерімен шайқас өтті. Әбілқайыр қолы жеңіске жетіп, артынан қазақтың хандары мен сұлтандары қалмақтармен мәмлеге келеді. Олар қалмақтарға жорық, басқыншылық жасамауға уағдаласады. Бірігіп, қалың қол жинамай жоңғарға қарсы тұра алмасын білген қазақтар 1726 жылы Ордабасыда бас қосып, құрылтай өткізді. Осы жиында билер мен батырлар Әбілқайырды бүкіл қазақ жасағының қолбасшысы етіп бірауыздан сайлайды. Оның қолбасшылығымен өткен Бұланты мен Аңырақай шайқастары – «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен кейінгі ең үлкен, ең ауқымды әрі бүкіл қазаққа үміт отын сыйлаған маңызды шайқастар болды. Өйткені, екеуінде де жеңіс қазақ жағында болды. Қазақ жасағы үлкен рухпен, жанқиярлықпен шайқасты. Әбілқайыр жауынгерлерге соғысудың қыр-сырымен қоса отаншылдық рух пен ел-жер үшін көзсіз ерлікке барудың мәнін ұқтырып отырды. Соғыс барысында түрлі амал-айла, әдіс-тәсілдерді ұтымды қолдана білді. 1730-1731 жылдары Әбілқайырдың қазақ жүздеріндегі нақты әлеуметтік мәртебесі «үлкен хан» немесе «ең басты хан» атағына сәйкес келді. Бұған ол негізінен көптеген жылдар бойы қазақ батырларының үлкен тобы және ықпалды билері мен сұлтандардың бір бөлігінің көрсеткен қолдауының арқасында жетті. Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқы Отан соғысының (1723-1730) жеңіспен аяқталуына 1730 жылы қазақ-жоңғар арасында болған Аңырақай шайқасы аса көрнекті рол атқарды. Шайқастың ұрыс қимылдары болған алқап 200 шақырым метрдей жерді алып жатыр. Оны ел ғасыр шайқасы деп атады. Аңырақай шайқасы далалық Қазақстанның және оңтүстігінің таулы және шөлейт аудандарының шекарасында өтті. Сонымен, бұл шайқаста қазақтар жоңғарларды талқандауға үлкен мүмкіндік алды. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Шайқасқа барлық үш жүздің жасақтары қатысты. Дегенмен, өзі Орта жүздің сұлтаны Барақтың қолынан қаза тапты. Мұқадес Есламғлиұлының айтуынша, Қайып ханның Бараққа жіберген керуені тоналады. Барақ оны Әбілқайырдан көріп, кек қайыруға жедел аттанады. Барақ жолыққан бойда-ақ Әбілқайырды жан түршігерлік жағдайда өлтірген. Оқиға 1748 жылы Қабырға мен Өлкейік өзендерінің құйылысында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде болған. Бұл жер кейіннен «Хан моласы» деп аталып кеткен. Әбілқайыр мен Бопай ханымнан Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ, Қаратай және Зылиха деген ұл-қыздар өрбіді. Ұлдарының бәрі де – соңдарына көш ілескен, өмір бойы ат үстінен түспей өткен жандар.

1734-12-17 13:52:53

Әбілмәмбет хан

Әбілмәмбет хан — қазақ хандығын аумалы-төкпелі замандарда биледі. Ол Болат ханның ұлы, Тәуке ханның немересі. Бір жағынан – Ресей, екінші жағынан – жоңғардың қыспағында қалған қазақ жұрты сол тұста (1739-1742 жылдар) қазақ тарихында «Екінші Ақтабан» аталған қасіретті бастан кешті. Шамамен 1690 жылы дүниеге келген Әбілмәмбет Жәнібек ханнан тараған өзге де Барақ, Күшік, Батыр сұлтандар сияқты беделді сұлтан болды. Хан сарайында лайықты тәлім-тәрбие алды. 1739 жылы Орта жүз ханы Сәмеке қайтыс болып, Әбілмәмбет билікке келеді. 1739-1742 жылдарда жоңғар жағы қазақ еліне бірнеше рет жорықтар жасағаны белгілі. Өйткені, бұл кезде жоңғарлар Қытаймен арадағы қарым-қатынаста бейбіт келісімге келген болатын. Сондықтан олар барлық қарулы күшін қазаққа қарай бағыттады. Алғашқы 1739 жылғы жорықта 10-15 мың қалмақ жан-жақтан шабуыл жасап, Әбілмәмбет пен Барақ сұлтанға тиесілі аумақтарды зор шығынға ұшыратты. Екінші жорық 1740 жылы болды. Бұл жолы Әбілмәмбет пен Абылай бастаған 2 мың адамдық қол қалмаққа қарсы тұрды. 1741 жылғы үшінші жорықта 30 мыңдық жоңғар әскерін ноян Септен мен қонтайшының ұлы Лама-Доржы бастап келді. Бұл жолы да жоңғарлар Орта жүзді көктей өтіп, Тобыл, Есіл өзеніне дейін барады. Осы жолы Орта жүз сұлтаны Абылай жоңғарларға тұтқынға түседі. Әбілмәмбет 1742 жылы күзде өз баласы Әбілпейіз бен Нияз батырдың ұлын аманатқа береді. 1743 жылы Абылай жоңғар тұтқынынан босап шығады. Осы кезден бастап бүкіл Орта жүздің саяси тізгіні соның қолына көшеді. Ал, Әбілмәмбет Түркістанға қоныстанады. Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, оның ұлы Әбілпейіз әкесінің соңынан ермей, Абылайдың қасында қалып қойған. Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев: «Әбілмәмбет хан 1739-1742 жылдардағы жоңғарлармен болған соғыстарда шебер ұйымдастырушылық, саяси көрегенділік, әскери қолбасшылық қасиеттерімен көріне алмайды. Мұны бүкіл Орта жүз халқы да, Ресей басшылығы да байқайды. Ханның Түркістан жаққа кетуімен қырдағы Орта жүздің саяси өмірінде Абылай сұлтан мен Барақ сұлтанның белсенділігі артады. Ресеймен де, Жоңғариямен де қарым-қатынаста осы екі сұлтанның атынан сауда — саттық, тұтқындар алмасу, керуендердің қауіпсіздігі мәселелері бойынша елшіліктер жиі алмасады», — дейді ғалым Кәрібаев. 1743 жылдан кейінгі деректерде оны Қалдан Сереннің қоластындағы хан деп те атаған. Бұл «мәртебе» 1757 жылы Жоңғар мемлекеті құлағанға дейін оның есіміне жамалып айтылып жүрді. 1749 жылы Жәнібек Тархан «Орта жүзді бүгінде Абылай сұлтан билеп отыр» деген екен. Расымен де Түркістанға кеткен соң Әбілмәмбет хан болса да, Орта жүздің өміріне араласқан жоқ. Әбілмәмбет 1771 жылы 80 жасында өмірден өтті. Оның ұлы Әбілпейіз хандықтан өзі бас тартып, жолын Абылайға берген. Өйткені, Абылай ресми түрде хан болмаса да, Орта жүзді соңғы 30 жыл бойы басқарып келген болатын. Әбілмәмбеттің соңында Болат, Әбілпейіз, Тәуке және Әбүлтек есімді ұлдары қалған. Олардың әрқайсысы өзіне қатысты руларды ғана басқарған, жоғары билікке араласпаған.

1771-10-27 13:56:53

Абылай хан (1771-1781 ж.ж.)

Абылай (Әбілмансұр) алғашқы жекпе – жектерінің бірі де, бірегейі 1731 жылы болды. Бұл шайқасқа жауласқан қазақ-жоңғар жағының хандары да қатысады. Жекпе – жекке жау жағынан Қалден Серен өзінің сенімді батыры, Шарышты шығарады. Осы сәтте Сабалақ намысқа шыдамай, қазақ ханынан сұранып сайысқа шығады. Ол жекпе-жекке шыққан бойда «Абылай-лап, ұрандатып шауып барып Шарыштың басын шауып түсіреді. Қазақтардан мұндай тосын қимылды күтпеген жоңғарлар бас батырларынан айрылып, кері шегінуге мәжбүр болады. «Неге Абылайлап ұран салдың?» деп сұрағандарға «өз атым Әбілмансұр, мен қанышер атанып кеткен Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болатын атамның атын шақырғаным – жолым болар ма дегенім ғой» — дейді. Сол сәттен бастап Абылай атанып кеткен еді. Ол одан кейін Орта жүздің сұлтаны және әскери қолбасшыларының бірі ретінде ел басқару ісіне араласып, жоңғарға қарсы соғыстардың алдыңғы шебінде шайқас жүргізеді. Оның батылдығы мен соғыс тәсілін меңгерудегі шеберлігі халық арасына аңызға айналып, кең тарады. Көп ұзамай оны билер мен батырлар да мойындап, аса қуатты көп рулардың біріне басшы етіп сайлады. Абылай осынау кезеңде Төле би мен және басқа да саясаткерлермен ақылдаса отырып, қазақ мемлекетін қалпына бір орталыққа бағындыру керектігін түсінді. Бірақ көшпелі қоғамның басын қосу оңай шаруа емес-ті. Бұған қоса ол дипломатиялық қарым-қатынастарға сүйене отырып, 1743 жылы Жонғария мен Қазақ хандығының арасында көптен күткен бейбіт бітімге қол жеткізді. Абылай атақты Қалден Серенмен тіл табысып, оның немересіне үйленді. Қазақтар мен жоңғарлардың аяусыз соғысқаны рас, бірақ соған қарамай, олардың арасында бейбіт келісімдер де жиі жасалған. Абылайдың өзі де белгілі қолбасшы бола тұра, 1741 жылы жоңғарларға тұтқынға түскен. Бірақ Қалден Серен оны тұтқында көп ұстамай босатып қоя берді. Бұл шамамен 1743 жыл болатын. 1755 жылы Абылай өз әскерімен жоңғарлар жағында Цин империясына қарсы соғыстарын жүргізді. Абылай сұлтан ішкі саясатты да реттеуге, ішкі алауыздықты тоқтатуға барынша жұмыс жүргізді. Ол бірінші болып, бұрын халық жиналысы – құрылтай арқылы ғана шешілетін хан билігіне кеңес беру арқылы шек қойып келген өлім жазасын тәжірибеге енгізді. Ол алпауыт ру басылары мен сұлтандардың бетімен кетушілігіне тыйым салды. Абылай өзінің жеке басының алғырлығы мен ұтымды қимылдарының арқасында атақ – даңққа жетіп, халық құрметіне бөленді. Абылай қазақ халқының тағдыр талайы қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін ұйымдастырып, үш жүздің басын қосып, анталаған жауға тойтарыс бере алды. 1771 жылы күзде үш жүздің барлық өкілдері ежелгі орталық Түркістанда жалпықазақтық жиын өткізіп, Абылайды ақ киізге көтеріп, қазақ ханы етіп сайлады. Бұл біртұтас Қазақ хандығының сақталуына жасалған тиімді әрекет еді. Абылайға ықпалды жырау Бұхар Қалқаманұлы, Әбілпейіз және Болат сұлтандар, кіші жүздің сұлтандары және барша үш жүздің батырлары, өкілдері қолдау көрсетті. Ресей патшалығы Абылай ханды өзінің ықпалды өрісінде ұстауға ұмтылды. Сондықтан да 1777 жылы хан жазбаша өтініш жазған жағдайда оның хан атағын тануға әзір екенін ресми түрде мәлімдеді. Мұндай дипломатиялық қадам ел мүддесі үшін сыртқы саяси істерде бедел нығайтатынын түсінген Абылай хан Петерборға ұлы Тоғым бастаған елшілік жіберді. 1778 жылы II Екатерина жауап хат жазып, онысында Абылайды орта жүздің ханы ретінде ғана танитынын білдіріп грамота жібереді. Алайда бұған ашуланған Абылай хан қарым-қатынасты үзбек болады. Бірақ ханның мінезінен сескенген орыс өкіметі 1779 жылы Абылай ханға 300 сом және 200 пұт ұн мөлшерінде жылсайынғы жалақы тағайындады. Алайда 70 жылдардың соңында қарай Абылай хан Ресеймен қандай да бір қарым-қатынастарды мүлде үзді. Ол Орта жүз ханы болып сайланғанмен, іс жүзінде бүкіл қазақ даласына билігін жүргізді. Қытайдағы Цин империясымен де бейбіт қатынастар орнатуға барын салды. Осы ретте қазақтарға достық ниетін танытқан Әмірсанаға көрсеткен Абылай қамқорлығы, ең алдымен, моральдық қолдау ғана болатын. Әмірсана маньчжур әскерлеріне тегеурінді қарсылық көрсете аламай, ақыры Абылайға келіп жан сақтады. Қазақ сұлтаны Әмірсанаға қамқорлық жасау арқылы титықтаған Жонғарияны бір жолата күйреуден сақтап қалып, елге енді ешқандай қауіп төндіре алмайтын әлсіз ойраттардан Цин Қытай мен Қазақ даласы ортасындағы аралық мемлекет жасамақ болды. Бірақ Қытай иператоры Цян Лунь әскерлері араға кірігіп кетті де, әбден титықтаған Жонғарияны күшпен басып алды. Осы ретте қытайлар үш рет, яғни 1756, 1758 және 1760 жылдары Орта жүз жерлеріне кірді. Алайда саясатты жетік меңгерген Абылай жоңғардың басына түскен жағдайды келтірмеу үшін Богдыханның – қытай императорының билігін мойындап, қытайлықтармен келісімге келді. Бұл келісім аясында екі ел арасындағы сауда шарттары да жасалып, Тарбағатай мен Іледе айырбас базары ашылды. Осылайша қазақ елі малдарын қытай тауарларына айырбастай бастады. Абылай елдің Ресеймен арадағы экономикалық, саяси байланысын нығайтудың қажеттілігін де ерте түсінді. Абылай орыс өкіметімен де қалыптасқан саяси және экономикалық қатынасты үзбеді. Ресей патшалығының қазақ даласының шеткі аймақтарында бекіністер, қамал–қалалар салуды бастап және ол жерлерге орыс казактарымен толық жайғастырып жатқанда мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысты. Себебі ол Ресей патшалығының отаршыл, басып алу саясатының құрбаны болу қаупі тұрғанын алдын ала сезді. Осыған қарамай, ақ патшаның ХҮІІІ ғасырда Абылай ханнан асқан жауы болмады. Амалсыздан тәуелдімін деп мойындағанымен, Абылай іс жүзінде Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруге, тәуелсіз ел етуге күшін салды. Осы кезде Қазақ елі басқа мемлекеттермен, әсіресе Хиуа, Жоңғар хандықтарымен қарым – қатынастары қазақ жұртының негізгі этносаяси мүддесіне сай жүргізді. Чиң империясы Орта Азия елдерін жаулап алу қаупі төнген кезде, Абылай Ауғаныстан билеушісі Ахметшахпен байланыс орнатты. Абылай алыстағы Түркия билеушілерімен де қарым – қатынас жасауға әрекет еткен. Абылайдың мұраты келешекті кемелдікпен болжап, мемлекетті бір орталықтан басқарып, елді өркениетке жақындату еді. Ол бұл арманын орындауға барынша талпынды. Тарихи деректерге сүйенсек, халыққа егіншілік пен балық аулау кәсібін үйретуге, тары сепкізуге қарақалпақ диқандарын әкелуі, орыс ағаш шеберлерін алғызып, 1779 жылы Есіл өзеніне тақау Жаңғызтауда ағаш үй, Қызылжарда хан сарайын, Таласта қала салғызуы т.б. игілікті істері – елді отырықшылыққа, өркениетке жұмылдыруының жарқын үлгілері. XVІІІ ғ. 70-шы жылдары Түркістан аймағындағы қазақтарды қырғыздар шауып, мал-жандарын айдап әкетіп отырған еді. Қаһарына мінген Абылай 1779 жылы қырғыздарды талқандап, билеушісі – Садырбаланы тұтқынға алады. Осы ретте қырғыздар бітім жасауды өтініп, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалалары босатылады. Ал 1781 жылы Ташкентті бағындырады да оларды алым–салық төлеп тұруға міндеттейді. Осылайша қайта түлеткен бүртұтас Қазақ хандығы ханның өзі қанша өмір сүрсе сонша, сонша өмір сүрді. 1781 жылы шамамен 70 жасқа қараған шағында Ташкенттен Түркістанға келе жатқан жолда дүние салып, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленді.

1841-12-28 21:42:48

Қазақтың соңғы ханы Кенесары (1841-1847 ж.ж.)

Кенесары Қасымұлы Ресей патшалығының XIX ғасырдағы тек қазақ даласын ғана емес, барша Орта Азияны отарлауды мақсат еткен саясатына қарсы табанды күрес жүргізген мемлекеттік тұлға. Кенесары қазақ жерінде 1837-1847 жылдар аралығындағы өткен ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы. Ол Шыңғысханның 27 ұрпағы, Абылай ханның немересі. Оның есімі тарихта қазақ даласына үстемдік орнатпақшы болғандарға қарсы тұрушы, Қазақ хандығының мүддесі үшін өзін құрбан еткен қайсар хан ретінде қалды. Кенесары Көкшетау өңірінде 1802 жылы Қасым төренің отбасында дүниеге келген. Қасым – Абылай ханның Топыш атты әйелінен туған ұлы. Ал, Кенесары Қасым төренің Айкүміс атты әйелінен дүниеге келген ұл. Қасым мен Айкүмістің Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай және Кенесары атты 6 перзенті болған. 1822 жылы патшалық Ресей өкіметі «Сібір қазақтары туралы жарғысын» жариялады. Ол құжат қазақтың ежелден келе жатқан хандық құрылымын, дәстүрлі басқару үлгісін түбірімен жойып, қазақ елінде ресейлік басқару жүйесін орнатуды көздеді. Бұл өзгерістерге ең бірінші қарсы болған – Кенесарының әкесі, хандар әулетінен шыққан Қасым төре еді. Оның бұл қарсылығына балалары да үн қосты. Сөйтіп ол қозғалыс бүкілхалықтық деңгейге жетіп, нәтижесінде қарапайым қазақ шаруаларынан құралған көтеріліс басталып кетті. Көтерілісшілердің қойған талабы – Ресейдің отарлау саясатына шек қойып, патша өкіметінің құрамына кірмеген өнірлердің дербестігін сақтау болды. Олар сонымен бірге қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептерді салуды тоқтатып, қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат етуді көкседі. Кенесарының қол басқарған батырлары да халық ішінде аты кеңінен мәлім адамдар еді. Олардың қатарында Шұбыртпалы Ағыбай, Қыпшақтың батыры - Иман, Табынның батыры - Бұхарбай, Тіленшіұлы Жоламан, Дулаттың батыры - Бұғыбай, Шапырашты руының батыры - Сұраншы т.б. Сондай-ақ Кенесарының інілері - Наурызбай, Әбілғазы, әпкесі - Бопай көтеріліске белсене қатысты. Он жылға созылған көтеріліс бүкіл қазақ жерін қамтыды және ең басты қозғаушы күш - бұқара халық болды. Олардың көпшілігі мал өсірген, егін еккен. Осыған орай жер шаруашылығынан зардап шеккендер кедей және орта шаруалар болды. Олар күшейе бастаған отарлық езгіден, феодалдық топтардың қысымынан құтылуға тырысты. Көтеріліске шаруалардан өзге бірқатар ақсүйектер, сұлтандар, үстем тап өкілдері де қатысты. Сондай-ақ, әртүрлі ұлт өкілдері қатысып (орыс, түрікмен, өзбек, қырғыз, тағысын тағылар) белсенділік танытты. 1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак жасағына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің басталуы болды. 1838 жылы көктемінен бастап Кенесары жасақтары алдын ала жасалған жоспар бойынша дәйекті күрес жүргізіп бастады. Сол жылы 26 мамыр күні Кенесары бастаған көтерілісшілер Ақмола бекінісін шабуылмен басып алып, өртеп жіберді. Күрес кезінде Ақмола округіндегі патша әкімдерімен ауыз жаласып жүрген Қоңырқұлжа сұлтанды шапты. Сонымен қатар, жылдың жазы мен күзінде Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Кенесарыны қолдады. Осы жылы күзде көтеріліс Кіші жүз жайлаған өңірге де жетті. 1840 жылы күзде көтерілісшілер Ырғыз бен Торғай маңында патша әскеріне, орыс әкімшілігін қолдаушы жергілікті бай-шонжарларға қарсы күресті күшейтті. Дегенмен Кенесары барлық әдіс - амалдарын қолданып тырысып бақса да, кейбір феодалдық топтарды, үш жүздің ру - тайпалық бөлімдерін біріктіре алмады. Көтерілістің бастапқы кезінен-ақ қазақ ақсүйектері бір-біріне қарсы күресуші екі жаққа бөлінді. 1841 жылы Кенесары үш жүзден адам жинап, әкесі Қасым ханның өлгеніне орай ас берді. Осы аста үш жүзден жиналған өкілдер Кенесарыны ақ киізге көтеріп, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады. Ресей империясының билігі орныққан Ертіс, Есіл, Орал шептерінің бойындағы аудандардан басқа Қазақстанның барлық жерлеріне Кенесары ханның билігі жүрді. Мемлекеттік құрылыс қайта ұйымдастырылып, Хан Кеңесі құрылды. Хан жарлықтары мен Хан Кеңесінің шешімдерін таратып, түсіндіріп және орындалуын талап етіп отыратын арнайы Кеңес құрылды. Кеңестерге батырлар, билер, сұлтандар, ханның туысқандары кірді. Хандық кеңеске негізінен азаттық қозғалыстың мүдделеріне адал, жеке басының батылдығымен, дипломатиялық қабілетімен көрінген адамдар енді. Әскери істе де Кенесары және оның көмекшілері бірқатар өзгерістерді іске асырды. Ежелгі хан әскерлері сықылды мыңдықтар мен жүздіктерге бөліп, мыңбасылар мен жүзбасыларды тағайындады. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатылды. Салық жүйесіне өзгерістер енгізілді. Егіншілікті дамытуға, көрші елдермен сауда-саттық байланысын орнатуға көңіл бөлінді. Десе де, Кенесары Ресеймен тату көршілік қатынас орнатуға ұмтылды. Алайда, Батыс Сібір губернаторы Горчаков, Орынбор губернаторы Перовский Кенесарымен қарым-қатынаста екеуі екі түрлі көзқараста болып, оның Ресей билігімен мәмлеге келуіне керісінше кедергі орнатты. 1841-1842 жылдары Кенесары жасақтары Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Созақты, Сауранды алды. Қоқандықтар келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Кенесары Бұхара әмірімен және Хиуа хандығымен қарым-қатынасындағы саясаты біршама өзгешелеу еді. 1843 жылы Орынбор генерал-губернаторы Перовский кетіп, оның орнына Обручев келді. Олар Кенесарының көзін жоюға 1843 жылы орыс патшасы Николай I рұқсат алды. Көп ұзамай, 1843 жылы Ресей патшасы Николай I Кенесары қозғалысының қарқынынан сескеніп, арнайы жарлық шығарды. Соған сәйкес патша әскерлері Кенесары мен ханның соңынан ерген сарбаздарға қарсы ауқымды әскери жорық ұйымдастырды. 1844-1845 жылы жылдары ұлт-азаттық қозғалыс шарықтау шегіне жетті. Осы тұста Кенесары әскерінің саны 20 мың адамға жетті. Кенесарының шайқастардағы жетістігі оның даңқын асырды. Бұхара әмірі мен Хиуа хандығы онымен тығыз байланыс жасауға ұмтылып, ханға құнды сыйлықтар жолдады. Кенесары патша өкіметінен бітім сұрап, даулы мәселелердің барлығын келіссөз арқылы шешуді көздегенімен, патша әкімдері оған сене қойған жоқ. 1845 жылы Кенесары Жетісуға табан тіреді. Ол Ұлы жүздің халқын біріктіруді, қырғыздармен Одақ құрып, Қоқан хандығына шабуыл жасап, ондағы қазақтарды бостуды көздеді. Кенесары Қытаймен де мәмлеге келіп, онымен келіссөз жүргізу үшін Құлжаға елші жібереді. Сол жылы Кенесары қолы қоқан хандығына жорыққа аттанды. Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекіністерін алып, Ақмешітті /қазіргі Қызылорда/ қоршауға алды. Бірақ жорықты жалғастыруға жұқпалы індеттің күшеюі бөгет жасады. Жетісуға кері қайтты. Бұл тұста патша өкіметі Кенесарыға тор құрды. Олар қырғыз манаптарының және патшаға адал болып жүрген қазақтың бай шонжарларының басын қосып, Кенесарыға еңсесін көтертпейтін ең соңғы соққы беруге әзірленді. 1846 жылғы Кенесары жасағымен қырғызға бет алды. 1846 жылдың күзінде Кенесары қырғыздармен келісімге келеді. Дегенмен, ол ұзаққа созылған жоқ. 1847 жылы қанша табандылық танытса да, көтерілісшілер жеңіліп тынды. Кенесарының өзі 1847 жылғы Кекілік-Сеңгір (Бішкектің маңы) тауының маңайындағы Майтөбе деген жерде 32 сұлтанмен бірге ажал құшты. Ресей зерттеушісі Л.Мейер қазақ жауынгерлерінің ең соңғы күндері туралы былай деп жазды: «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үміт те болды. Бірақ патша өкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды». Тұтқында жатқанда да Кенесары манаптарды күш біріктіріп, Қоқан хандығы мен Ресейге қарсы күреске шақырды. Бірақ қырғыздар ханның сөзіне құлақ аспады. Орыс өкіметі Кенесарыны жазалап, басын алған Жантай Қарабековке алтын медаль, арнайы мақтау қағазын табыстады. Осылайша Ресей патшалығы өздерінің отралау саясатын жүзеге асыру мақсатында түрлі амалдарға барды және онысын іріткі салу арқылы да жүзеге асыра білді. Кенесарының артында Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Әбубәкір, Құсман, Сыздық, Жегей атты 8 ұл қалған. Осылардың ішінде Сыздық сұлтан әке жолын қуып, ғұмыр бойы Ресей отаршыларына қарсы күресіп өтті.

Қазақ хандығына 550 жыл

Launch
Copy this timeline Login to copy this timeline 3d Game mode

Contact us

We'd love to hear from you. Please send questions or feedback to the below email addresses.

Before contacting us, you may wish to visit our FAQs page which has lots of useful info on Tiki-Toki.

We can be contacted by email at: hello@tiki-toki.com.

You can also follow us on twitter at twitter.com/tiki_toki.

If you are having any problems with Tiki-Toki, please contact us as at: help@tiki-toki.com

Close

Edit this timeline

Enter your name and the secret word given to you by the timeline's owner.

3-40 true Name must be at least three characters
3-40 true You need a secret word to edit this timeline

Checking details

Please check details and try again

Go
Close